Енді елімізде бір тауардың бағасы барлық дүкенде бірдей болуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Және сауда сөрелеріндегі азық-түлік, киім-кешек, үйге қажет жабдықтар туралы толық ақпарат ұлттық тауарлар каталогына енгізіледі. Яғни, сатып алған затыңыздың бағасын, қайда, қашан өндірілгенін электронды тізімнен біле аласыз. Жоба келер жылдан бастап іске қосылады.
2026 жылдан бастап елде тауарлардың ұлттық каталогы енгізіледі. Онда сауда орындарындағы барлық тауардың атауы, жарамдылық мерзімі, бағасы жазылады. Осылайша алыпсатарлық пен көлеңкелі сауда тыйылмақ.
"Оның пайдасы неде? Көлеңкелі сауда болмайды, сапасыз өнімнің жолы кесіледі, әділсіз бәсекеге қарсы тұра аламыз. Ол – бизнес үшін жаңа қадам. 1 қаңтардан бастап Қазақстан аумағында барлық тауарды сату кезінде NTIN коды міндетті болады. Бұл – тауар өндіруші, дистрибьютор, сауда дүкендері, кәсіпкерлердің бәріне ортақ", – деді ҚР сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов.
NTIN – халықаралық GTIN кодының қазақстандық аналогы. Ол 13 таңбадан тұрады. Тауарға код берілгеннен кейін оның барлық циклін бақылап отыра аласыз. Ал ұлттық тауарлар каталогын ғаламтордан көруге болады.
Ұлттық тауарлар каталогы сауданың барлық 20 саласын қамтиды. Онда тауардың қайталануын болдырмау үшін күн сайын бақылау жасалады. Егер тауар базада болса, кәсіпкерлер деректерді қайта қоспай-ақ пайдалана алады. Қазір жоба пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін базаға 15 миллион тауар енгізілген.
USD:
507.9 / 511.3
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.49 / 6.61