Білім министрі: Емтиханға ешқашан шпаргалка әзірлеген емеспін

Асхат Аймағамбетов мектеп түлектеріне емтихан тапсыруға қатысты кеңестер берді.

Білім министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді мектеп бітіруімен құттықтап, өзінің емтихандарға қалай дайындалғанын баяндады. Бұл туралы ол "Қазақстан" арнасының "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында айтты. 

"Мен екі пәнді сүйіп оқыдым. Біріншісі – физика, екіншісі – тарих. Мектеп жасынан бастап маған сондай қызық болды. Әлі күнге дейін физиканы өте жақсы көремін. Бұған ұстаздың да үлесі болған шығар", – деді Асхат Аймағамбетов.

Мұнымен қатар, министр ешуақытта шпаргалка жасамағанын бөлісті. Айтуынша, оның көмегінен теріс жақтары көп. 

"Емтиханды тапсыру әр азамат үшін оңай емес. Әсіресе, мектеп бітірген кезде бойыңда үрей, қорқыныш пен үміт болады. Өйткені, алда жаңа өмір күтіп тұр. Бәрі жан-жақтан "Мектеп бітіресің, жаңа өмірге жолдама алып жатсың. Енді мектеп табалдырығын аттап шығасыңдар, бөлек өмір басталады" деп айтады. Осындай сөздердің әсерінен түлектер күйзеліске түседі. Емтиханға дайындалудың өзі бір үлкен күш қой. Емтиханға ешқашан шпаргалка жасаған емеспін. Әдетте шпаргалканы жасап алып барған соң, оны қалай алып шығамын деп ойланып, бүкіл назарың сонда кетеді. Босқа уақыт жоғалтып аласың және алдыңда тұрған мақсаттарға қол жеткізе алмайсың. Сондықтан шпаргалканың тиімді жағына қарағанда, тиімсіз жақтары көп", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Шетелге оқу іздеп кететін мектеп түлектерінің саны азайып келеді


Министр шпаргалканың орнына емтихан билетінің сұрақтарына жауап жазып дайындалуды жөн көрген. Осы орайда ол түлектерге сұрақтың логикасын түсінуге кеңес берді.

"Емтиханға дайындалғанда қағазға қолмен жазатынмын. Өйткені, қолмен жазғанымды жақсы есте сақтаймын. Университетте оқып жүргенімде бүкіл 30-50 билеттің сұрағына жауап жазып дайындалдым. Проблемалық сұрақтар мен ең басты проблемаларын жазатынмын", – деді министр.

Бұдан өзге Асхат Аймағамбетов тест жинақтарын алып, ондағы сұрақтарды жауабымен қосып жаттайтынын айтты.

"Бірақ, менің ойымша, тест жаттаудың ешқандай тиімділігі жоқ. Бізде сұрақ басқаша келсе, оқушылардың көзі домаланып, не істерін білмей қалады. Осы орайда, кітаптардың өзін оқып, есте сақтау үшін логикасын түсінген абзал. Барлық түлекке жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Менің айтатыным – емтихан алдында ешқандай қобалжу болмауы керек. Өйткені, бұл – өмірде болатын ең жеңіл және ең қарапайым емтихан. Біреулеріңіз жоғары оқу орнына түсеміз дейсіздер, біреулеріңіз колледжге барасыздар. Енді екіншілеріңіз біраз уақыт демалып, ата-аналарыңызға жұмыс істеп көмектескілеріңіз келеді. Қалай болғанда да сіздерді жаңа өмір мен жаңа үміт күтіп тұр. Ешқандай үрей болмауы керек. Жалпы қорқатын ешнәрсе жоқ. Елде мемлекеттік гранттар көп бөлініп жатыр. Биыл ЖОО-ларға 72 мың грант, колледждерге 45 мың грант бөлінді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді де екі рет тапсыруға мүмкіндік бердік", – деді Асхат Аймағамбетов.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары