Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында блогер Әділетхан Молдаханға қатысты іс бойынша прокурор айыпты өзгертті.
3 шілдеде сот отырысында блогердің соңғы сөзі тыңдалады деп жоспарланған болатын. Алайда оған дейін прокурор сөз алып, айыптаудың қайта сараланғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Әділетхан Молдаханға Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша – онлайн-платформаларды пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған еді. Енді прокурор істі осы баптың 3-бөлігі бойынша қарауды сұрады. Бұл норма көрінеу жалған ақпарат тарату салдарынан ірі залал немесе өзге де ауыр зардаптар келтірілген жағдайларға қатысты қолданылады. Аталған бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Айыптың өзгеруіне байланысты сот отырысы кейінге шегерілді. Қорғаушы тарапқа жаңа айыптау бойынша құқықтық ұстанымын дайындауға уақыт берілді. Келесі сот отырысы 9 шілдеге белгіленді.
Сотталушының адвокаты Нұртуған Өмірзақтың айтуынша, жаңа құқықтық саралау ықтимал жазаға әсер етуі мүмкін. Оның сөзінше, прокурор айыптан жауаптылықты ауырлататын мән-жайларға қатысты Қылмыстық кодекстің 54-бабына сілтемені алып тастаған. Адвокаттың пікірінше, бұл жағдайда сот жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, неғұрлым жеңіл жаза тағайындауы мүмкін. Сондай-ақ қорғаушы Молдаханның қамауда өткізген уақытын да есепке алуды сұрайтынын айтты.
Іс бойынша жәбірленушілер ретінде Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев танылған.
Бұл қылмыстық іс Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасынан кейін жарияланған жазбаларға байланысты қозғалған. Апаттан кейін блогер әлеуметтік желіде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің түнгі автожарысты ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін деген мәлімдемелер жасаған.
Жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Zeekr көлігін басқарған Александр Пак қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы әйел қаза тапқан.
Осы іс бойынша Александр Пак кінәсін толық мойындап, 22 маусымда сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырған болатын.
Әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол апаты: Александр Пак 10 жылға сотталды