Алматы соты Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша айыпталған Александр Пакқа қатысты үкім шығарды. Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырды.
Александр Пак Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап алкогольдік масаң күйде жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты қолданылады.
Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар сот қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Нұрлан Шөтеновтың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Талапкер моральдық шығын ретінде 100 миллион теңге өндіруді сұраған болатын. Сот Александр Пактан 10 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды.
Сот жарыссөзінде прокурор айыпталушыға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал Томирис Қыдырбектің әкесі соттан ең қатаң жаза тағайындап, азаматтық талапты толық көлемде қанағаттандыруды өтінген.
Соңғы сөзінде Александр Пак қаза болғандардың туыстарынан кешірім сұрап, өз жауапкершілігінен жалтаруға тырыспайтынын айтты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, биылғы 21 наурызға қараған түні Александр Пак Zeekr автокөлігімен Әл-Фараби даңғылы бойымен келе жатып, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
1 маусымда айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Кейін сот барысында шартты жаза тағайындауды орынсыз деп санайтынын мәлімдеді.
Істі қарау кезінде сотта жол апатының бейнежазбасы көрсетілді. Онда Zeekr көлігінің жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып, Mercedes-пен соқтығысқаны көрінеді.
Сот процесінің басында қаза тапқандардың кейбір туыстары айыпталушымен татуласқанын мәлімдеді. Қаза болған Құмар Теңелбаеваның анасы Бақытгүл Жолдасова мен Mercedes жүргізушісінің әпкесі Ләззат Тілемісова Александр Пакты кешіргендерін айтты. Ал 8 маусымда Томирис Қыдырбектің анасы Арайлы Есенбаева да жүргізушіні кешіріп, оған ешқандай талабы жоқ екенін жеткізді.
19 маусымда сот Томирис Қыдырбектің әкесі Нұрлан Шотеновты ресми түрде жәбірленуші ретінде таныған болатын.
Оқи отырыңыз:
