Тікелей эфир

Алматы облысында тұрғындар 7 жыл бұрын салынған мектептің жарамсыз деп танылғанына наразы

Биыл көктемдегі жер сілкінісінен кейін жап-жаңа мектептің іргесі сөгіліп, қабырғасы қисайып қалған.

Алматы облысындағы Жайнақ ықшам ауданының тұрғындары пайдалануға берілгеніне 7-ақ жыл болған мектептің жарамсыз болып қалғанына наразы. Соның себебінен 2 мыңға жуық оқушының жаңа оқу жылында қайда барып білім алатыны ата-аналарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Биыл көктемде білім ұясы апаттық деп танылып, оқушылар 2 ай бойы сабақты онлайн түрінде оқыған. Сол кезде оқу ордасы білім күніне дайын болып, оқушылар алғашқы қоңырауға қатысады деп уәде берген шенеуніктер қазір төбе көрсетпей жүр дейді ата-аналар.

2016 жылы Боралдай ауылындағы №40 мектеп ашылған мезетте тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Көп күткен заманауи мектеп тұрғызылып, алғашқы жылы-ақ оқушыларға лық толған. 600 балаға арналған білім ордасында 3 ауысыммен 1900-ден аса бала білім алып келген екен. Биыл көктемдегі жер сілкінісінен кейін жап-жаңа мектептің іргесі сөгіліп, қабырғасы қисайып қалған. Балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұрған ғимаратты мамандар апаттық жағдайда таныпты.

"6 айдан бері әлі бір әңгіме шешілген жоқ. Мектепті жөндеуге қарсымыз. Себебі 2016 жылы салынған 7-ақ жыл болған мектепке кепілдік бермегеннен кейін, ертең күрделі жөндеуден кейін кім оған кепілдік береді", – деді Жайнақ ықшам ауданының тұрғыны Бауыржан Серғазыұлы. 


Оқи отырыңыз: Бізге бала күтуші даярлайтын институт керек пе? Пікірлер топтамасы


Апатты деп танылған білім ордасында маусым айында жөндеу жұмыстары басталған. Оны бірінші қабаттағы қабырғаларының сүріліп тастағанынан-ақ аңғаруға болады. Алайда мектепте оу-баста кәріз жүйесі дұрыс орнатылмаған екен. Жылдар бойы сол су оқу орынның астына жиналып, ғимаратқа әбден зақым тигізген. Соның кесірінен қазір құрылысшылар жертөледегі судың кебуін күтіп отыр.

Іле ауданының білім бөлімі құрылыс жұмыстары қаражаттың бөлінбеуіне байланысты тоқтап тұр дейді. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 800 миллион теңгедей қаржы керек. Жаңа оқу жылына дейін білім ордасы дайын болмайды. Ал әзірге оқушылар жақын маңдағы мектептерге қатынап оқи тұруға мәжбүр.

Серіктестер жаңалықтары