Тікелей эфир

Бізге бала күтуші даярлайтын институт керек пе? Пікірлер топтамасы

Елде бала күтушілерінің қызметіне сұраныс жоғары. Ал, бала күтушілердің деңгейі сол сұранысқа лайық па?

Ата-аналар бала күтушісін қандай критерий бойынша іздейді? Informburo.kz бүгінгі материалында осы және өзге де мәселелер туралы пікірлер топтамасын ұсынады.

Тележурналист Гүлбану Әниятқызы – ерекше баланың анасы. Ол "Қазақстанда бала күтуші табу өте қиын" дейді. Гүлбанудың ойынша, оның себебі елімізде бала күтушілерді дайындайтын арнайы институт, орталық, тіпті курстардың жоқтығында болып отыр.

"Қазір елімізде бала күтушілерді тауып беретін агенттіктер бар. Олармен келісімшартқа отырсаңыз, сізге бала күтушісін тауып береді. Бала күтушіңіз кетіп қалса, орнына басқасын іздейді. Алайда, бұл жерде басты мәселе қаржыға келіп тіреледі. Мысалы, сіз сол бала күтушіге айына 300 мың теңге төлесеңіз, агенттікке де тура сондай сома төлеуіңіз қажет. Алайда, мұндай шығынды көп адамның қалтасы көтере бермейді. Бізде қазір кімдер бала күтуші болып жүр? Көбіне әр жұмысты бір істеп көрген, әр нәрсенің басын бір шалып, соңында "бала күтуші бола салайыншы" деп келген адамдар. Олар бұл салаға "туыстарымның баласын баққанмын, бала бағу қиын емес" деген оймен келеді" дейді кейіпкеріміз.

Гүлбану соңғы төрт жылда ерекше қызына бала күтуші іздеп, елу шақты бала күтушісімен сөйлескен, оларды үйіне шақырып, тәжірибеден өткізген.

"Бір апта, бір ай не үш ай жұмыс істеп, кетіп қалған бала күтушілерім болды. Бәрінің есіл-дерті – ақша, бала бағудан бұрын ақшаны бірінші орынға қояды. Көбі бала бағуды оңай нәрсе көреді. Бір аптадан кейін жұмыстан жалыға бастайды. Себебі, таңнан кешке дейін біреудің баласының еркелігін көтеру оңай емес. Баланы жуындырып, ұйықтатып, ойнатып, тамағын беруі қажет. Менің қызымның тұрақты режимі болғандықтан, күнделікті бір нәрсе қайталанып отырады. Ал, оған көбіне жас қыздар шыдамай жатады".


Оқи отырыңыз: Жақсы бала күтушісін қалай табуға болады?


Гүлбану үйіне келген бала күтушілерінің көбі жауапсыздығымен есте қалғанын айтады:

"Бала күтушілердің біразы сенің жұмысың солардың жұмысқа шығуымен тікелей байланысты екенін түсінбейді. Ауырып қалса да, ұйқысы қанбай қалса да, саған ескертпестен, жұмысқа келмей қояды. Ал сенің мына жақта жұмысың қалып барады, баланы кімге тастарыңды білмей тыпырлап қаласың. Одан бөлек, бала күтушілердің көбіне мейірім жетіспейді дер едім. "Балаға тамағын берсем болды, мультфильм қосып берсем болды" деп құдды бір робот сияқты жүреді. Талай қызды көрдім, бар назары – телефонда. Өзім келген бала күтушілерден сотталмағаны туралы, денсаулығы туралы анықтамаларын міндетті түрде сұраймын. Басында бәленбай несиесі бар, күйеуінен ажырасып, баласын тастап кеткен талай әйел келді маған. Тіпті қалтасында көк тиыны жоқ, "автобусқа соңғы ақшамды жұмсап келдім" деген әйелдер де болды. Қалтасында ақшасы жоқ, өзі депрессияда жүрген адам балаға қандай жылу бере алады? Ол адам өзі жылуға мәжбүр емес пе?".

Гүлбанудың ойынша, Қазақстанға бала күтушілерді дайындайтын арнайы орталық ауадай қажет. Ол жерде оқитындарға бала күтуші деген кім, оның қызметіне не кіреді дегенді түсіндіріп, сол саланың белгілі бір базасын үйретілгенін қалайды.

"Осындай орталықтар жұмыстың жауапкершілігін түсінетін, өз қызметіне кездейсоқ келе салмайтын, баламен жұмыс істей алатын мамандарды даярлап шығарса, нұр үстіне нұр болар еді. Бала күтушілерді даярлайтын орталықта білім алған адам осы жұмысты саналы түрде таңдап келеді деп ойлаймын".

"Бала күтушілерге жұмыс тауып беретін агенттіктердің бағасы шарықтап тұр"

Алматылық Алмагүл Өтеғұлова (аты-жөні өзгертілді - ред.) 17 жылдан бері бала күтуші болып істейді. Ол бала күтушілерді жұмысқа тұрғызатын агенттікке осыдан біраз уақыт бұрын 2000 теңге төлеп тіркелгенін айтады. Ал, қазір тіркелу құны 300 мың теңгеге дейін өсіп кеткен.

"Қазір агенттіктердің тіркелу құнын қымбаттатып жібергені бала күтушілерге қиын болып тұр. 300 мың теңгені бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Бұрын біз агенттікке резюмемізді тастап, бір үйде бала күтуші болып тұрақты 1 ай жұмыс істегеннен кейін жалақымыздың 10 пайызын төлейтінбіз. Агенттік бізге жұмыс беріп отырған отбасыдан қаржының 80 пайызын алатын. Қазір ол жүйе жоқ, бәрі өзгеріп кетті".

Агенттіктер бала күтушісін іздеген жандардың талаптарын өз чаттарына салып отырады екен.

"Менде сондай 5-6 чат бар. Сол жерден оқимын да, агенттікке "талаптары өзіме ұнаған ұсынысты қарастыра аламын" деп хабарласамын. Содан соң, агенттік ата-ана мен бала күтушіні байланыстырады. Ата-аналар өтініш білдірген әрбір үміткермен жеке-жеке сөйлеседі. Олар бала күтушісін таңдаған кезде агенттікке сол бала күтушіге ұсынатын бір жалақысын төлеп кетеді. Мысалы, бала күтушісіне ай сайын 400 мың теңге жалақы төлер болсаңыз, тура сондай соманы тауып берген агенттікке қалдырасыз".

Алмагүлдің айтуынша, бүгінде бала күтушілердің жалақысы 350 мыңнан басталып, 500 мың теңгеге дейін жетеді. Басқа елге, басқа қалаға отбасымен бірге барса, оған бөлек қаражат төленеді. Бала күтуші мереке күндері жұмыс істесе де, істемесе де, жалақы алады. Ал, мерекеде демалмай, жұмысқа шықса, оған бөлек төленеді. 

Көптеген ата-аналардың бала күтушіге қоятын талабы ұқсас. 

"Көп ата-ана тек балаға қарауыңды талап етеді. Оған баланы жуындыру, тамақ беру, таза ауада ойнату, ертегі оқып беру, ұйықтату, ойыншықтарын жуу кіреді. Ата-аналардың көбі баланы аяққа салып тербеткенді жақтырмайды, оны бірден ескертеді. Сосын "басқа қалаға, елге ұшуға дайынсыз ба, басыңызда несие бар ма?" деп сұрайды. "Жаман әдеттеріңіз болса, бірден айтыңыз" дейді. Кейбірі "демалыс күндері жұмысқа шыға аласыз ба?" деп сұрайды. Кей келіншектер өзінің жатын бөлмесіне мүлдем кірмеуіңді өтінеді. Қазір көп үйде камера бар. Ата-аналар "камерасы бар үйде жұмыс істеуге дайынсыз ба?" дейді. Мен оған қарсы емеспін, үйде камера бар-жоғына мән бермейді екенмін. Өз жұмысымды адал істеймін" дейді кейіпкеріміз.


Оқи отырыңыз: Баланың смартфонына "Ата-ана бақылауын" қалай қосуға болады? Шағын нұсқаулық


Ата-аналардың арасында бала күтушілерді қолғапша ауыстыратындары да жиі кездеседі екен.

"Кейбір ата-аналар бізге баласын тапсырып, сосын кешке дейін көзіне көрінбей, тыныш жүруімізді сұрайды. Баланы олар жоқ кезде тамақтандыруым қажет. "Кешкі сағат алтыға дейін баланың қыңқ деген даусын естімейік" дейді. Бала енді бала болған соң, арасында мазасызданып жылайды ғой. Сондайда, ата-анасы "бала неге жылап жатыр?" деп айғайға басады. Осындай кісілер бала күтуші іздейтін бүкіл чатта жүреді. Себебі, олардың бала күтушілері жиі ауысады",–  дейді Алмагүл.  

Кей агенттіктер жаз мезгілінде бала күтушілерге арналған он күндік курс өткізеді. Оның құны 60 мың теңге мен 100 мың теңге аралығында. "Осы сертификатпен жұмысқа оңай тұрасыз" деп сендіреді" дейді Алмагүл. 

"Елімізде бала күтушілерді даярлайтын арнайы орталық ашылса, қос қолдап қолдар едім. Бала күтушілерді 2-3 ай оқытып, мемлекет тарапынан сертификат берілгені жақсы. Ол сертификаттың бала күтушінің жұмысқа тұрып кетуіне септігі тиетіндей қауқары болуы тиіс. Әйтпесе, ана курсты бір оқып, мына курсты бір оқып, аяғында жұмысқа тұра алмайтын болса, бала күтушілер қалай күн көреді? Оның да өз шығындары, несиесі бар дегендей. Бала күтушінің жұмысы дегеніңіз – таза еңбек. Көп ата-аналар біреудің баласы тұрмақ, өз баласының еркелігін көтере алмай жатады. Ал, бала күтуші болса, күні бойы сол баланың жанында жүреді. Ата-анасының да, баласының да көңілінен шығуға тырысады", – дейді кейіпкеріміз. 

"Филиппин елінен келген бала күтушілері жұмысқа жауапкершілікпен қарайды"

Соңғы он-он бес жылда Астана мен Алматы қалаларында Филиппин елінен келген бала күтушілерге деген сұраныс артқан. Оның себебі "филиппин бала күтушілерінің еңбекқорлығы, балажандығы және тіл білетіндігі" делінеді. Астаналық Айжан Мәдиеваның үйінде Филиппин елінен келген бала күтушісі екі жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді. 

"Бала күтушісі ретінде Филиппин елінен келген әйелді таңдауымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, филиппин бала күтушілері бала бағуға жергілікті мамандарға қарағанда үлкен жауапкершілікпен қарайды. Олар Қазақстанға ақша табу мақсатымен келеді, мұнда туған-туысы, жақындары жоқ. Мысалы, бұған дейін менің балаларыма жергілікті бала күтушілер қарады. Олар  жауапсыздау болатын, маған алдын-ала ескертпестен жұмысқа шықпай қоятын. "Балам ауырып қалды, туыстарымның тойына кетіп қалдық" дегендей түрлі сылтау айтатын. Ал, филиппин бала күтушісі жұмысына тыңғылықты. Сосын демалыста кездесетін құрбылары болмаса, "тойға кеттім, туыстарым шақырды" дегендей әңгімені олардан естімейсіз". 

Айжанның айтуынша, оның бала күтушісінің қызметіне балаға қарау, баланы далада ойнату, түрлі үйірмелерге тасу кіреді. Сондай-ақ, кейде үй шаруасына, тамақ пісіру процесіне қолғабыс етеді. Қазір Айжан бала күтушісіне жергілікті еттен жасалған тамақтарды әзірлеуді үйретіп жүр екен. 

"Біздің елімізде филиппин бала күтушілерін әкелетін арнайы агенттіктер бар. Одан бөлек, кейбір филиппин азаматшалары Қазақстанға өз бетінше де келіп жатыр. Біз өзіміздің бала күтушімізді таныстар арқылы таптық. Алдымен ол басқа отбасында жұмыс істеді, сосын визасы біткен кезде бізге келді. Біз оған визасын жаңалап бердік. Филиппин елінен келген бала күтуші, көмекшілердің жалақысы олардың қанша күн демалып, қанша күн істейтініне байланысты есептеледі. Біз бала күтушімізге ай сайын 900 доллар төлейміз. Ол аптасына 6 күн, 8 сағат жұмыс істейді", – дейді Айжан Мәдиева. 

Айжан балаға бала күтуші таңдағандағы басты критерий оның балаға деген мейірімі деп санайды:

"Ата-аналарға баламен тіл табыса алатын, баланы жақсы көретін бала күтушісін таңдауға кеңес берер едім. Біз бала күтушісін таңдағанда осы мәселеге баса назар аудардық. Себебі, баланы жақсы көрген адам сізге де, сіздің балаңызға да көмектесе алады. "Бес саусақ бірдей емес" дегендей, Филиппин елінен келген әйелдердің бәрі бірдей мінсіз демес едім. Олардың арасында да ұрлық жасайтындар, жауапсыз мамандар кездесуі мүмкін. Бұл енді ұлтқа емес, адамның өзіне байланысты". 

Серіктестер жаңалықтары