Биыл 1 шілдеден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен мүгедектігі бар адамдар және зейнеткерлерге 1,23 АЕК (2023 жылы – 4244 теңге) көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленетін болады. Бұл туралы еңбек министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 28316 адам жәрдемақы алады. Жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және заңнамаға сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.
"Жыл сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 3828 азаматқа 3692 теңгеден 30 000 теңгеге дейін біржолғы материалдық көмек көрсетіледі" – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Қарин президентке саяси қуғын-сүргін құрбандары бойынша 31 том құжат ұсынды
Қандай құқықтары бар?
Ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдардың бірінші кезекте:
- бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының 3 есе мөлшерінде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;
- оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
- телефондарды бірінші кезекте орнату;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;
- протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;
- оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.
Айта кетейік, 2003 жылдан бері елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 18,4 миллиард теңге төленді. Биыл бұл мақсаттарға 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.