Тікелей эфир

"39,9 млн тонна жем-шөп". Өңірлерде мал азығын дайындау қарқыны қалай?

Павлодар облысындағы климаттық жағдайға байланысты қуаңшылықтың салдарынан шаруалар шабындыққа дер кезінде шыға алмады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин төрағалық еткен жедел штаб отырысында малдың қыстық азығын дайындау мәселесі талқыланды.

Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Бағлан Аймұрзаевтың айтуынша, алдағы қысқа 24,6 млн тонна пішен, 1,4 млн тонна пішендеме, 1,8 млн тонна сүрлем, 4,2 млн тонна сабан және 4,5 млн тонна құрамажем дайындалды. Былтыр жиналған қорды қоса есептегенде жем-шөптің барлық түрінен дайындалған мал азығының жалпы көлемі 39,9 млн тоннаға жетеді.

"Павлодар облысындағы климаттық жағдайға байланысты қуаңшылықтың салдарынан шаруалар шабындыққа дер кезінде шыға алмады. Сондықтан фермерлерге орманды алқаптағы және басқа да қорлардан шабындық жер беріп, қосымша дизель отынын бөлу арқылы қолдау көрсетілді. Осылайша облыста 1,5 млн тонна шөп дайындалды", – деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.


Оқи отырыңыз: Павлодарлық фермерлер күзде малын арзан бағамен жаппай сатуға мәжбүр


Аманғали Бердалин 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін "Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы Маңғыстау облысының фермерлеріне жем-шөп тасымалдау тарифтерінің деңгейін 80%-ға төмендеткенін атап өтті. Бірақ мал азығын дайындау қарқыны әзірге қажетті деңгейге жеткен жоқ.

Вице-министр Маңғыстау облысының әкімдігіне ҚТЖ ұсынып отырған жеңілдетілген тарифтерді барынша қолдануды, жоспарланған мал азығын жеткізуді тапсырды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының әкімдіктеріне жем-шөп дайындау барысын қатаң бақылауға алуды міндеттеді. Барлық облыс әкімдігіне дайындалған жем-шөпті мал қыстайтын орындарға және мал ұстап отырған ауыл тұрғындарына уақытылы жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Серіктестер жаңалықтары