Тікелей эфир

"Иммунитет 3 айға дейін сақталады". Covid-19 бұған дейін ауырғандар үшін де қауіпті

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Маусым айында коронавируспен ауырған Қарағанды облысының тұрғынынан қазан айында ПТР тестілеу алынып, оң нәтиже көрсеткен.

4 қарашада Батыс Қазақстан облысында коронавирусты қайта жұқтырған адам туралы ресми ақпарат тарады. БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сәуір айында ауырған адамның тамызда қайтадан осы сырқатпен ауырғанын мәлімдеді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мұны қайта жұқтыру жағдайы деп есептемейді.

"Кейбір елдерде коронавируспен қайтадан ауырған науқастар тіркеліп жатыр. Ол БҚО-да Covid-19 жұқтырған алғашқы науқас. Бірінші рет ауырған кезде вирус кімнен жұққаны, қайдан келгені белгісіз болған. Сондықтан, қазіргі таңда мамандар бұл жағдайды "қайтадан жұқтырды" деп есептемейді. Бірақ, Қарағанды облысында мұндай жағдай тіркеліп отыр. Маусым айында бірінші рет ауырғанда аурудың толық клиникалық белгілері болған. Барлық инструменталдық-зертханалық анализдермен дәлелденген. Қазан айында қайтадан ауруханаға түсіп, ПТР тестілеу нәтижесі оң болған соң "қайтадан ауырды" деп тіркедік", – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.

Ол БҚО-дағы жағдайды министрлік тарапынан эпидемиологиялық комиссия тексеріп жатқанын, науқас алғаш ауырған кезде эпидемиологиялық себебі табылмағанын айтты.

Оқи отырыңыз: Ел халқының 15 пайызы – қауіп тобында. Қараша-желтоқсанда коронавирус қаупі күшейеді

ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың пікірінше, әлемде Covid-19 қайта жұқтыру жағдайларының тіркелуі "коронавируспен ауырған адамның иммунитеті қысқа мерзімді" деген зерттеулерді растайды.

"Халықаралық зерттеулерде коронавирусқа қарсы иммунитет бір айдан үш айға дейін сақталатыны айтылған. Қайта жұқтырып алу мүмкін болғандықтан бұрын ауырған адам алдын алу шараларын сақтауы тиіс. Бір рет ауырған соң қайта жұқтырмаймын деп ойламау керек", – деді ол.

Америка, Гонконг, Бельгия, Нидерланды және Эквадорда қайта жұқтыру жағдайлары тіркелген.

Қазақстанда 13 наурыздан бері коронавирус инфекциясын жұқтырған 114 235 адам тіркелді. Емделіп жазылғандары – 107 139. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Covid-19 жұқтырып, қайтыс болғандар саны 1 873-ке жетті.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары