Тікелей эфир

Ел халқының 15 пайызы – қауіп тобында. Қараша-желтоқсанда коронавирус қаупі күшейеді

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
Сovid-19-ға ПТР-тестілеудің құны келер айдан бастап 22 пайызға төмендейді.

Covid-19 жұқтыру қарқыны қайтадан күшейіп келеді. Әлемнің бірқатар елдерінде коронавирус инфекциясын қайта жұқтыру деректері тіркеліп жатыр.

  • Қазақстанда қауіпті жағдай қайталана ма?
  • Коронавирустың екінші толқынына дайындық қандай?
  • Елде төтенше жағдай режимі қайта енгізілуі мүмкін бе?
  • Оқушылар мектепке қашан оралады?

Бұл сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов және Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният жауап берді.

Қараша-желтоқсанда вирусты қайта жұқтыру қаупі басым

Ғалымдардың пайымдауынша, коронавирустың симптомсыз түрінен жазылған адамның ағзасында бір ай бойы антидене болады. Ал орта дәрежеде немесе қатты сырқаттанғандарда антидене 3-5 айға дейін сақталады екен. Осыны ескерген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаз кезінде ауырған науқастардың коронавирусқа қарсы антиденесінің қараша-желтоқсанда жойылатынын мәлімдеді. Тиісінше, бұл кезеңде ауруды қайта жұқтыру қаупі жоғарылайтынын ескертті.

"Қазақстанда коронавирус инфекциясының жаппай таралуы маусым-шілде айында болса, талдау жасай келе, шамамен үш айдан кейін, қараша-желтоқсанда ауруды ауыр өткерген науқастардың да антиденесі бәсеңдейтіні анық. Сондықтан коронавирус инфекциясын жұқтырудың қаупі жоғары. Қазір әлемде қайта жұқтыру жағдайы көп. Қазақстанда әзірге ондай жағдай тіркелмеді, бірақ қауіп қашанда бар", – деді Алексей Цой.

Маусымдық вирустық ауруларды жұқтырудың алдын алу және коронавирустың екінші толқынын болдырмау мақсатында 15 қыркүйектен бастап қауіп тобына жататын қазақстандықтарға екпе салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта тұмауға қарсы 2,2 млн доза екпе сатып алынған болатын. Бұл Республика тұрғындарының 11 пайызын қамтиды. Алексей Цойдың айтуынша, қазіргі уақытта 1,8 млн адамға вакцина салынды. Енді қалған адамдарға осы аптаның соңына дейін екпе жасалады.

Оқи отырыңыз: Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін. Коронавирус бұл жолы кімдерге қауіпті?

Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның сынақтары сәуірдің соңында аяқталады

Бүгінгі таңда Қазақстанда 108 мың адам қауіпті кеселге шалдыққан. Соңғы тәулікте 83 адамның ағзасынан Covid-19 анықталды. Індеттің кесірінен жалпы саны 1 776 адам қайтыс болды. Статистикалық деректерді мәлімдеген Денсаулық сақтау министрі әлемде болып жатқан жағдайларды үнемі бақылап отырғанын жеткізді. Қазір Еуропа мен көршілес мемлекеттерде коронавирус жұқтыру қарқыны қайтадан өсіп жатыр. Өткен аптада қауіпті кеселге шалдыққандар саны Германия, Украина, Ресей, Испания, Франция, Чехия, Италияда күрт көбейді.

"Бүгінде тұрғындарды мазалайтын маңызды мәселелердің бірі – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының позициясын атап өткім келеді. Бас директор Тедрос Абрахам Гебрейесус жаппай вакцинациялау негізінде тұрғындардың көп бөлігінде иммунитет болса, аурудың таралуы тоқтайтынын айтты. Осылайша вакцина басқаратын иммунитет инфекцияны жоя алады. Вакцина әзірленгенге дейін карантин шараларын қатаң сақтау керек", – деді министр.

Еліміздің бас дәрігерінің айтуынша, қазақстандық вакцинаның сынақтары 2021 жылдың сәуір айының соңына дейін аяқталады.

"Covid-19-ға қарсы вакцинаға қажеттілікті қамтамасыз ету үшін біз қазірдің өзінде вакцинацияланатын қауіп тобын анықтадық. Бұл топқа 60 жастан асқан созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері мен мұғалімдер жатады. Республика бойынша вакцинациялауға жататындардың алдын ала саны 2,8 миллион адамды немесе халықтың 15 пайызын құрайды. Егер дозаны екі рет қолданатын болса, бізге 5,6 миллион доза вакцина қажет болады", – деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі ресейлік "Спутник V" вакцинасын, Оксфордтық Astra Zeneca компаниясының және отандық вакцинаны сатып алу бойынша жұмыс жүргізуде.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында клиникалық сынақтарға қазақстандық вакцинаны ресми түрде қабылдады. 17 қыркүйекте Фтизиопульмонология ғылыми орталығында клиникалық сынақтардың бірінші кезеңін өткізуге рұқсат алынды. Екінші кезеңнің клиникалық сынақтарын аяқтау ағымдағы жылдың 17 қарашасына жоспарланған. Үшінші кезең 2021 жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады", – деді министр.

Оқи отырыңыз: Қашықтан оқудың кемшілігі не? Қазақстандықтардың жартысына жуығы бұл форматқа қарсы

Қашықтан оқыса да, коронавирус жұқтырған оқушылар көп

Оқу жылының басынан бастап 184 қазақстандық мектеп оқушысында коронавирус анықталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният мәлімдеді. Оның дерегінше, вирус жұқтырған 73 оқушы кезекші сыныптарға барған болса, қалғандары қашықтан оқыған.

"Бүгінгі күні мектеп оқушылары арасында аурудың 184 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 73 мектеп оқушысы кезекші сыныпта оқыған. Індетке шалдыққандардың көпшілігі ШҚО-да тіркелді. Онда 21 оқушы сырқаттанса, оның 17-сі вирусты мектепте жұқтырған. Яғни, әр мектепте 1-2 жағдай тіркелген. Солтүстік Қазақстанда 15 жағдай болса, оның 11-і мектепте. Басқа аймақтарда бір-екі бала инфекция жұқтырған. 73 оқушының 12-сі стационарлық ем қабылдап жатыр, жағдайлары орташа", – деді Ажар Гиният.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері оқушылардың қашан мектепке оралатынын айтқан жоқ. Олар алдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты шешім қабылдайтынын жеткізді. Ал, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов кезекші сыныптарға барып КВИ анықталған оқушылармен жалпы саны 1 012 адам байланыста болғанын айтты. Олардың арасында 10 адам ауру жұқтырған.

"Қашықтан оқитын балалар арасында аурудың 111 жағдайы тіркелді. Олармен байланысқан 317 адам анықталды. 19-ының ағзасынан қауіпті кесел анықталды", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Коронавирусты анықтайтын ПТР-тестті қалай тегін жасатуға болады? Сараптама

ПТР-тестілеу бағасы төмендейді

Жуықта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте Сovid-19-ға ПТР-тестілеудің құнын қолжетімді етуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы тест бағасын (10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін) халықтың едәуір бөлігі үшін қолайсыз деп сынаған. Енді Қазақстанда ПТР-тестілеу құны 22 пайызға төмендейді. Тариф осы айдың соңында бекітіледі.

"Шығын материалдарының нарықтағы бағасының төмендеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ПТР зерттеулеріне тарифтерді төмендету бойынша ұсыныстар дайындады. Тариф қажетті келісімдер жасалғаннан кейін осы айдың соңына дейін бекітіледі", – деді Алексей Цой.

Мәселен, егер қазір Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығында Covid-19 тестінің құны 11 500 теңге болса, жаңа баға шамамен 9 мың теңгені құрауы тиіс.

Қазір зертханалық зерттеудің қуаттылығы тәулігіне 48 мың сынаққа дейін ұлғайтылды. Өңірлерге зертханалық жабдықтар жеткізіліп, мамандарды оқыту жүргізілуде, бұл зертханалардың жалпы қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда 500-ге жуық жедел жәрдем қызметкері үстемеақы алмаған. Олардың мәселесі қалай шешіледі?

Коронавируспен күреске қатысқан дәрігерлер үстемеақысы жыл соңына дейін беріледі

Алексей Цойдың айтуынша, коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақылар жыл соңына дейін беріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен тағы 137 млрд теңге бөлінген.

"Бүгінгі таңда коронавирус жұқтырған 6 341 медицина қызметкері өтемақы алды. Бұл сандардың артында біздің мыңдаған әріптесіміздің жанкешті еңбегі тұр. Біз эпидемияға қарсы күреске қатысқан барша әріптестерімізді тиісті әлеуметтік төлемдермен қамтуға барымызды саламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, наурыз айынан бастап дәрігерлерге ынталандыру төлемі жүргізілді. Қазіргі уақытта 7,7 млрд теңгеге үстемеақы берілді", – деді Алексей Цой.

Бүгінгі таңда аймақтық комиссиялар коронавирус инфекциясынан қайтыс болған дәрігерлердің жақындарына және жұмыста жүріп ауру жұқтырған қызметкерлерге өтемақы беруге байланысты өтініштерді қарастырып жатыр. Қызмет барысында қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің отбасынан өтініш түскен. Олардың барлығына 10 млн теңге көлемінде әлеуметтік өтемақы толық төленді.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күзгі толқынына дайындық. Дәрі тапшылығы тағы қайталана ма?

Шетелден келген 70 адамнан Covid-19 анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі індеттің таралуын болдырмау және шетелден вирус жұқтырып келу жағдайының өсуіне жол бермеу үшін Украина, БАӘ, Германия және Беларусьпен әуе қатынасын қысқартуды ұсынды. Өйткені, Қазақстанда 6 қазаннан бастап шетелден келген 70 адамнан Covid-19 инфекциясы анықталған.

"2020 жылғы 6 қазанда сағат 00.00-ден бастап ҚР Мемлекеттік шекарасын автомобильдік өткізу пункттері арқылы 33 600 ҚР азаматы мен шетелдік азамат, оның ішінде 10 051 жолаушы кесіп өтті, 3 322 адам карантиндік стационарларға орналастырылды, оның ішінде 60-да оң нәтиже анықталды. Халықаралық әуе рейстерімен 14 832 жолаушы келді, оның 3 051-і тестілеуден өтті, оң нәтиже – 10", – деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов.

Ол соңғы 7 күнде халықтың 100 мың тұрғынына шаққандағы аурушаңдық 10,1, ал Қазақстан Республикасы үшін репродуктивті коэффициент 1,08 болғанын, сондықтан бүкіл республика бойынша қолданыстағы карантиндік шаралар жеңілдетусіз сақталып отырғанын атап өтті.

"Әлемдегі КВИ бойынша қолайсыз эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, шекарадағы бақылауды күшейту және инфекцияның әкелінуі мен таралуын болдырмау мақсатында ведомствоаралық комиссияның отырысында Украина, БАӘ, Германия және Беларусьпен рейстер санын азайту тұрғысынан шекарадағы шараларды күшейту мәселесі көтерілді", – деді Ерлан Қиясов.

Сонымен қатар, екі жақты халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын және қолында анықтамасы жоқ жүргізушілерге шекарада ПТР-тестілеуді өткізу ұсынылды. Егер тест нәтижесі оң болса, жеке мәліметтерге сәйкес жүргізушілер сол жерде карантинге жатқызылады.

"Қазір біз елді тұтастай жауып тастауды жоспарлап отырған жоқпыз. Әрбір инфекция ошағында мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, біз қазір шекарада белсенді жұмыс істей бастадық. Біздің қазіргі міндетіміз – коронавирустық инфекцияға қарсы тұру, сондықтан біз шекараларда ПТР-анықтаманың болуын талап етеміз. Жалпы, жабылу немесе карантиндік шаралар, толық шектеулер әр аймақтағы жағдай ескеріле отырып енгізіледі", – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Алексей Цой Қазақстанда төтенше жағдай режимін қайта енгізу мәселесі алдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қарастырылатынын айтты. Дегенмен, министрлік қазір Қазақстандағы тұрақтылықты сақтауға үмітті.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары