Тікелей эфир

"Төрттік баға алсам, ұрысатын". Үздік оқушы синдромы деген не және ол жетістікке жетуге неге кедергі?

Психологтың айтуынша, бұл синдромның пайда болуына ата-ана әсер етеді.

Психологияда көптеген психикалық проблеманың түп негізі бала кезде алған жарақаттардан басталатыны айтылады. "Үздік болу синдромы" да солардың қатарында. 25 жастағы кеңсе қызметкері Жансая жұмысындағы мазасыздықтың негізі осы синдроммен байланысты деп ойлайды. Ал психолог Гүлжан Досболқызы тақырыпты тереңірек талқылап, бірнеше кеңес берді.

Жансая (есімі өзгертілді – авт.):

"Ата-анамның мақтауынан айырылып қалудан қорықтым"

– Жуырда жаңа жұмысқа тұрдым. Ол жерде әркімнің жұмыс өнімділігі туралы рейтинг бар екен. Күн сайын жаңарып отырады. Соны қарасам, тізімде бесінші тұрмын. Көрген бетте көңілім түсті. Сол күні жүктемені артығымен орындадым. Кешке тағы рейтингті қарадым. Әлі сол бесінші орында тұрмын. Ашуым келді. Жарыстан жеңіліп қалғандай, үйге көңілсіз қайттым. Түнімен ұйықтай алмадым. Жүктемені артығымен орындасам да, неге рейтингте көтерілмегенім маза бермеді. Ертеңінде жұмысқа келе салып, тағы қарадым. Сегізінші орынға түсіп кетіппін. Тағы да тапжылмастан, түскі асқа шықпастан жұмыс істедім, компьютер экранынан бас көтермедім. Сәт сайын рейтингті қараймын. Тізімнің басында тұрғандар жеткізер емес. Ақырын сол әріптестерімді бақыладым. Мен сияқты жұмыс істеп отырған бірі жоқ. Кіріп-шығып, арасында бір-бірімен әңгімелесіп үлгереді. Осылай бір апта бойы рейтингте бірінші орынға шығамын деп жанталастым. Титықтап кеттім. Апта соңында құрбыммен кездескенде осы жағдайды айттым. Құрбымның айтқаны ойландырып тастады. "Үздік оқушы синдромы" туралы оқып көруді ұсынды. Бірден осы синдром туралы іздене бастадым. Өзімнен көп белгісін таптым.

Оқушы кезімнен бері үздіктердің қатарында болдым. Ешкімді алдыма шығармайтынмын. Сабақты жақсы айтып тұрған сыныптастарымды сүріндіру үшін әдейі қиын сұрақ қоятынмын. Тіпті, кей тақырыптарда мұғалімдердің қатесін бетіне басатынмын. Ата-анам да менің осы жетістігімді мақтан тұтты. "Менің қызым бәрін басқарады. Керек десең, мұғалімдерді де оқытып жібереді" деп отыратын. Мектепті "Алтын белгімен" бітірдім.

Қазір ойласам, сол кезде мені үздік болуға итермелеген нәрсе – ата-анамның мақтауынан айырылып қалу деген қорқыныш болыпты. Себебі, үйде тек жетістікке жеткен кезде ғана көзге түсетінмін.

Өзімнен екі жас үлкен әпкем бар. Ол да үздік оқыды. Бастауыш сыныпта бір-екі рет нашар баға алып қалғанда анам "Әпкең сияқты болмайсың ба?" деп ұрысты. Әкеміз кейде күнделігімізді тексеретін. "Төрттік" баға көрсе, ұрысатын. Қатарынан "Бестік" тұрса, мақтайтын. Содан кейін мен нашар баға алудан, артта қалып қоюдан, қате жіберуден қорқатын болыппын. Ал жаңа жұмысымда да мені мазалап жүрген осы синдром екен. Тізімде бірінші тұрмағанымды көру ішімдегі "үздік оқушыны" оятып жіберіпті. Сол кезде менің жұмысқа кіргеніме енді екі апта болған. Рейтингте төмен тұруым заңды да. Тізім басында тұрғандардың бұл жерде жұмыс істеп жүргеніне екі-үш жыл болған. Яғни, менен тәжірибелі. Мұны түсінуім біраз тынышталуыма көмектесті. Десе де, рейтингті әр көрген сайын ішімді бір нәрсе тырнап өтеді. Сол үшін рейтингті мүлдем ашып қарамайтын болдым. Бәрібір өзімді бір нәрседен қашып жүрген адам сияқты сезініп жүрмін. Құдды "екі" деген баға алып, күнделігімді тығып қойған оқушы сияқтымын. Енді писхотерапияға жазылуды ойлап жүрмін.


Оқи отырыңыз: "Өнер күйзелістен емдейді". Құм терапиясы деген не және ол кімдерге арналған?


"Үздік оқушы синдромы" деген не және ол қайдан пайда болады?

Гүлжан Досболқызы, психолог:

"Үздік оқушы синдромы" – үнемі үздік болуға талпынатын, қателік жіберуден қорқатын, айналасындағы адамдардың пікіріне тәуелді адамдарда болатын психологиялық синдром.

Ол, әдетте, оқушы кезде пайда болады. Өйткені, бір сыныпта өзі қатарлы бірнеше бала бір бағдарламаны оқиды. Сол кезде жарыс басталады. Бұған баланы ата-анасы итермелейді. Көп ата-ана баласын бес-алты жасқа дейін айналып-толғанып, еркелетіп өсіреді де, мектепке барғанда үлгеріміне қатты қарай бастайды. Яғни, балаға бұрын еш себепсіз беріп жүрген махаббатын, назарын енді тек жақсы баға алған кезде береді. Кей ата-ана кезінде өзі үздік оқыған болса, "әкең де, анаң да жақсы оқыған, сен де жақсы оқы" деп талап ете бастайды. Ал, өзі нашар оқыған ата-аналар, керісінше, "мен дұрыс оқымадым, енді балам оқысын" деп ойлайды. Яғни, өзі жете алмаған жетістігін баласына міндеттейді. Сөйтіп, ата-ананың баласына деген қарым-қатынасы, талаптары өзгереді. Сол кезде жұрттың баласымен салыстыру пайда болады. "Үздік оқушы синдромы" осы салыстырудан басталады. Себебі, бала үшін ата-анасы әрқашан авторитет. Олар не айтса, солай болу керек деп қабылдайды.

Клиенттерімнің арасында осындай синдромы бар ересектер бар. Ата-анасы үнемі жұрттың баласымен салыстырып отырған. Аз мақтаған, аз қолдаған. Тек озса ғана мақтаған. Сөйтіп, бала үшін ата-ананың махаббатын алудың жалғыз жолы үздік атану болып қалған.

Баласы сабақта жаман баға алып қалса, қатты жазалап, ұратындар да бар. Осы факторлардың әсерінен балада "мен жаманмын", "мен дұрыс емеспін" деген ой қалыптасады да, "ата-анамның мені жақсы көруі үшін  барлығынан асып түсуім керек" деген ой қалыптасады. Өкінішке қарай, бұл ой балада өмір бойына қалады.

Бұл синдромның салдары қандай?

"Үздік оқушы синдромы" бар адам жұрттың пікіріне қатты тәуелді болады. Өзін-өзі бағалай алмайды. Оған өзін жақсы адам ретінде, "беске" сезіну үшін айналасындағылар мақтауы керек. Сосын олар қалай болса да, қандай жолмен болса да, жетістікке жету керек деген ұстанымда болады. Яғни компромисс іздемейді, өзін-өзі аямай, сол жетістікке жетуді күні-түні ойлайды. Әдетте мұндай кезде адамда невроз пайда болады.

Сонымен қатар, "үздік оқушы синдромы" барлар көбіне ойға алған арманына қол жеткізе алмайды. Өйткені, кезінде жаман баға алып қалған кезде ата-анасы ұрып-соқты, я ұрысты. Сөйтіп, ол бала қателік жасаудан қорқып қалады. Есейгенде де осы нәрсе оның аяғын байлап тұрады. Іс бастайын десе, қателесуден қорқады, сөйтіп алға жылжи алмайды.  


Оқи отырыңыз: "Шетелде танылып қана Қазақстанда жетістікке жетесің". Иманбектің Grammy алғаннан кейінгі алғашқы сұхбаты


Не істеу керек?

Мектеп жасындағы балалардың осы синдромға шалдығыуының алдын алуға болады. Ол үшін ата-ана баласына жиі-жиі жылы сөздер айтып, құшақтап, махаббатын білдіріп отыруы керек. Қандай жағдайда да қолдау таныту маңызды. Мектептегі бағаның өмірде маңызды емес екенін түсіндіру керек. Сонымен қатар кезінде өзі жете алмаған арманын баласына міндеттемеген жөн. Балаға бір нәрсе айтардан бұрын ойланыңыз: ол балаңыздың икемі бар нәрсе ме, әлде бұл сіздің кезіндегі қол жеткізе алмай кеткен арманыңыз ба?

Ал ересек адамдардың өзін-өзі жақсы көруді, бағалауды үйренуі керек. Психологияда "ішкі ата-ана" деген түсінік бар. Яғни, адамға бала кезінде қандай қарым-қатынас жасалса, өскен соң ол өзіне дәл солай қарайды. Сол үшін "үздік оқушы синдромы" бар адам өзіне қолдау көрсетуді, өзін мақтауды үйренуі керек. Қандай да бір кішігірім жетістікке жетсе, өзін мақтап, сол үшін өзіне сыйлық жасап, қуантуы керек. Ол сыйлықтың үлкен болуы маңызды емес. Мысалы, бір шыныаяқ кофе немесе жақсы көретін тәтті алу болуы мүмкін. Осылайша жұрттың пікірінің маңыздылығын төмендетіп, бірінші орынға өзі туралы пікірін шығару керек. Ал айналасындағылардың сөзіне сыни көзбен қарауды үйренуге тиіс.

Серіктестер жаңалықтары