Адамдар кейде психикалық проблемаларын ұмыту, шешу үшін сурет салып, биге, мүсін жасауға және басқа да өнер курстарына барып жатады. Қазір бұл сегмент арт-терапия деп аталып жүр. Информбюро тілшісі "Молекула" арт-терапия орталығының негізін қалаушы Айзада Жайыққызымен тілдесіп, өнердің психикалық денсаулыққа әсерін қарастырды.
Арт-терапия қашан пайда болды?
Зигмунд Фрейд бейсанадағы сөзбен жеткізілмейтін сезімдер символдық бейнелер арқылы көрінеді деп есептеген. Сол себепті арт-терапияның бастауы Зигмунд Фрейд пен Карл Юнгтің зерттеулерінен басталады. Ал терминді 1942 жылы Адриан Хилл есімді британдық ғалым енгізді.
Ол 1938 жылы Мидхурст курортында туберкулезден емделіп жатқанда негізгі процедуралармен қатар табиғаттың суретін салумен айналысқан. Сонда шығармашылықтың ауруды ұмыттырып, көңіл-күйді жақсартатынын анықтайды. Келесі жылы курорт оны шақырып, пациенттеріне сурет салуды үйретуін сұраған. Олардың арасында соғыстан оралған сарбаз көп болған. Жаттығулар сарбаздардың психологиялық күйзелісін азайтуға айтарлықтай көмектескен. Осыдан кейін Хилл 1942 жылы "арт-терапия" терминін қолданысқа енгізді. Тікелей аудармасы "өнермен емдеу" дегенді білдіреді. Ал 1945 жылы "Өнер ауруға қарсы" кітабын шығарып, пациенттермен жұмыс істеу тәжірибесін бөлісті.
Арт-терапияның дамуына доктор Эдит Крамер де үлес қосқан. Ол бұл тәсілді балаларға қолданды. Ал 1958 жылы «Балалармен арт-терапия» кітабын шығарды. Мамандар оны әлі күнге дейін көмекші құрал ретінде пайдаланады.
Өнер қалай емдейді?
Арт-терапияның негізгі механизмі – сублимация, яғни белгілі мақсатқа жету үшін энергияны қайта бағыттау арқылы ішкі кернеуді жою. Ол дәрі-дәрмек қолдануды көздемейді, оның орнына бояулар, саз балшық, фотосурет, музыкалық аспап, қағаз, ағаш, құм сынды өнермен және шығармашылықпен байланысты барлық зат қолданылады. Мақсаты – адамның шығармашылық қабілеттерін дамыту арқылы өзін-өзі тануына жол ашу және көрнекі бейнелер арқылы жасырын сезімдерін өңдеу.
"Бала орталыққа келгенде бірден онымен "өз тілінде" сөйлесіп, жайлы атмосфера жасауға тырысамыз", – дейді "Молекула" арт-терапия орталығының негізін қалаушы Айзада Жайыққызы. Қазір орталықта құм және сурет терапиясы бар.
"Балаға бірінші құммен жұмыс істеу ережесін түсіндіреміз. Кейін сурет салуға кіріседі. Әдетте, бірінші үйдің суретін салуды ұсынамыз. Себебі, үй – баланың өзін ең жайлы сезінетін жері. Сосын оның есігін, терезесін қалай салатынын бақылаймыз. Кейін баланы сөзге тартамыз. Кімнің үйін салып отырғанын, ішінде кім бар екенін, үйдің ішіндегі температураны сұраймыз. Кейбір балалар үйдің суретін салғысы келмей, ашуланады",– дейді Айзада Жайыққызы.
Мамандар кейін балаға отбасының немесе өзінің суретін салуды ұсынады. Бұл да баланың отбасында өзін қалай сезінетінін, өзін-өз қалай бағалайтынын білуге көмектеседі.
"Жақында бір оқушы келді. Әкесін, анасын, ата-әжесін, өзін салды. Сосын "Әкемді өшіріп тастасам бола ма?" деп сұрады. Себебін сұрасақ, "Ол қазір жоқ. Мен оны сағындым" дейді. Сөйтсек, әкесі вахталық әдіспен жұмыс істейді екен. Үйінде аз ғана уақыт болғандықтан, балаға жеткілікті көңіл бөле алмайды. Бала осылайша бейсаналы түрде өзінің ішкі жай-күйін бейнелеп отыр.
Тағы бір жағдай болды: Тете өсіп келе жатқан әпкелі-сіңілі қыздар келді. Отбасының суретін салғызған кезде үлкені бәрін салды да, өзін салмай қойды. Неге өзін салғысы келмейтінін сұрасақ, "Мен бұл отбасыда жоқпын",– дейді. Сосын өзінің суретін бөлек салдырдық. Бөлек әлемде, гүлдердің арасында жүргенін салды. Бұл балаға отбасында жеткілікті көңіл бөлінбейтінін білдіреді. Бала отбасында өзін бөтен сезінеді. Терапиядан соң осы жағдайды қыздардың анасымен талқыладық. Анасы үлкен қызына көп көңіл бөлмейтінін растап, алдағы уақытта ескеретінін айтты.
Маманның айтуынша, әдетте өзін бағаламайтын, қабылдай алмайтын балалар өзінің суретін салудан бас тартады.
"Орталыққа келген әр ата-ана мен бала бөлек мемлекет. Баласын бақылауда ұстайтын ата-аналар болады. Олар сабақ басталғаннан балаға: "суретті дұрыс сал, айқайлама, апайға дұрыстап қара" деп бұйырып отырады. Эмоциясын бақылауда ұстайды. Ондай кезде ата-ананы әңгімеге тартып, сабақ өтетін жерден алып кетуге тырысамын. Себебі, балаға атмосфера жайлы болғанын қалаймын. Баласын еркіне жіберетін ата-аналар да бар. Су ішеді, жүгіреді, заттарды шашады, құмды төгеді, жерге отырып алады, сенімен жағаласып ойнайды, айқайлайды, жылайды, қуанады... Ата-анасы араласпайды. Ондай кезде қуанамын. Бала бөтен адаммен қарым-қатынас жасаудың ережесін сондай сәттерде үйренеді, дағдыланады. Бастысы еркін, эмоциясы бақылауда емес. Баласынан "құтылғысы" кеп тұратындар бар. "Терапия бір сағат па? Егер уақытында келмей жатсақ, ойната тұрыңыздар" деп кетіп қалады. Мұғалім қандай, сабақ қалай өтеді, кімге тастап бара жатқанына қарамайды, – дейді Айзада Жайыққызы.
Арт-терапия кімдерге арналған?
Айзада Жайыққызының айтуынша, арт-терапияға үш жастан бастап қатысуға болады. Дегенмен әр орталықтың балалар, ересектер, қарттар деген сияқты мақсатты аудиториясы болады. Мысалы, "Молекула" орталығы бастапқыда Даун синдромы, аутизм сынды диагнозы бар балаларға арнап ашылған. Кейін сұранысқа қарай қабылдау талабы кеңейген. Қазір гипербелсенді немесе өте тұйық, сөздік қоры аз, сөйлем құрастыра алмайтын, жаңа ортаға бейімделуі қиын балалар да құм терапиядан өте алады.
"Төрт жастағы бір бала келді. Өте гипербелсенді: бір жерде тыныш отыра алмайды. Сонымен қатар тілі дұрыс шықпаған. Өте аз сөйлейді. Бір нәрсе ұнамаса, айқайлайды. Бірінші күні құм тақтасында бес минут қана отырды. Сосын бізбен алыса бастады: қолымызды тістеді, ойнағысы келді. Сол баламен үш ай жұмыс істедік. Нәтижесінде бала өзгере бастады: бұрынғыдай қолды-аяққа тұрмай кетуді азайтты, зейіні артты, сөйлей бастады. Анасы да, балабақшадағы тәрбиешілері де нәтижені байқап, алғыс айтты",– дейді Айзада Жайыққызы.
Орталық бір жыл бұрын ашылған. Содан бері 250-ге жуық бала терапиядан өткен.
"Әр бала келген сайын түрлі тағдыр көремін. Қиындығын жеңілдетуге сәл де болса септігіміз тисе, қуанамын", – дейді маман.