Тікелей эфир

"Шетелде танылып қана Қазақстанда жетістікке жетесің". Иманбектің Grammy алғаннан кейінгі алғашқы сұхбаты

Сурет thebell.io сайтынан алынды
Сурет thebell.io сайтынан алынды
20 жастағы саундпродюсер Иманбек Зейкенов Saint JHN-тің Roses композициясына жазған ремиксі үшін Grammy сыйлығын алды.

Қазақстаннан шыққан тұңғыш "Грэмми" иегері Иманбек Зейкенов тарихи жеңісінен кейін "Сноб" редакциясына келіп, алғаш рет Ресей медиасына сұхбат берді. Informburo.kz оқырманға сұхбаттың қазақшасын ұсынады.

"Грэмми" жеңгенде қандай сезімде болдың?

– Ештеңемен салыстыруға келмейді. Бәрі менің эмоциямды көрді. Әрі таң қалдым, әрі қуандым. Шынымды айтсам, осы номинациядағы бәсекелестерім айтарлықтай мықты болмады. Сол себепті жеңетініме сенімдім. Музыкант мансабындағы ең биік жетістікке жеткен секілдімін. Десе де бұдан да жақсы музыка жазуға талпынамын. Бір "Грэммиден" екі "Грэмми" күштірек.

– Ремикс жазуға ұзақ уақыт кетті ме?

– Мен оны FL Studio-да екі жарым сағатта жазып тастадым. Түпнұсқаға инструменттер, әртүрлі эффект қосып, "ВКонтактедегі" тобыма жарияладым. Бірінші достарым тыңдады. Екі ай өткен соң оқырманы басым парақшаға шығып, содан кейін көп тыңдалды. Ешкімнен жарнамалауды сұрамадым. Парақша әкімшілері ремиксті тауып алып өздеріне жариялады.

– Бұл трек танымал боп кеткенін қашан түсіндің?

– Бірден табысты бола қоймады. Ақырындап танылды. "Шазамдағы" статистика арқылы оның танымал болғанына көз жеткіздім. Бұл трек әлемде топ-20 қатарында.

– Мұны тыңдап шаршамадың ба?

– Әрине, шаршадым. Баяғыда жалықтырып жіберді. Дегенмен, үнемі тыңдауға тура келеді, оған үйреніп кеттім.

– Музыкаға бала кезден қызығасың ба?

– Әрине, меломанмын. Екінші сыныпта гитара тарта бастадым. Музыка мектебіне бармадым, әкем үйретті. Бір апта домбыра үйірмесіне қатысқанмын. Мектепте басқа балалар айналысатын нәрселерге қызықтым. Қыдырған ұнайтын, интернетте отырдым, музыка тыңдадым. Ата-анам музыкамен айналысқанымды шын көрмеді.


Оқи отырыңыз: Иманбек Зейкенов Grammy сыйлығын жеңіп алды


– Ата-анаң "Грэмми" алғаныңды білгенде саған не деді?

– Анама менің номинациямды хабарлайтын уақытты айттым, бірақ одан екі сағат бұрын хабарлады. Ол ұйықтауға жатып, мен айтқан уақытта оянбақшы болды. "Грэмми" алғаннан кейін қызым маған жазды, сосын анама хабарластым. Анам өте қатты қуанды.

Темір жол колледжіне қалай тап болдың?

– Мектеп бітірген соң құжаттарымды қайда болса да тапсыру керек болды. Қайда баратынымды білмедім. Достарымның бәрі осы колледжге тапсырды. Мен де солармен бірге боламын деп шештім. Теміржолшы боламын деп ешқашан армандамадым. Дегенмен, мектепке қарағанда колледждегі өмір қызық болды.

– Видеосұхбаттарыңның біріне "шетелде танылып қана Қазақстанда жетістікке жете аласың" деп біреу жазған екен. Бұл рас па?

– Рас. Неге бұлай екенін білмеймін, бірақ осындай заңдылық бар екенін байқадым. Қазақстанда эстрада артисі болсаң ғана танымал бола аласың. Еліміз заманауи музыка жағынан аздап артта келеді, сол себепті талантты жастар – рэперлер мен битмейкерлерге өздері қимылдамаса болмайды. Музыка медиасы мен менеджмент өте нашар дамыған. Мысалы, режиссер Айсұлтан Сейітов шетелде танылды. Оған дейін оны Қазақстанда ешкім танымады. Қазақтың жігіттері Еуропа мен Американы өзіндік бірегейлігімен тартатын шығар. 

– Қандай лейблмен серіктес боласың?

– Effective Records-пен серіктестікті жалғастырамын. Жақында Элджеймен коллаборация болады. Ресей арқылы батыс нарығына шыға аласың. Ресей мен ТМД-да менің тректерім жүктеу мен стриминг жағынан үздіктердің қатарында болса, батыста чарттарда Drake, Рианна және The Weekend музыкасымен қатар тұр.

– Орысша ойлайсың ба?

– Иә, үйде орысша сөйлесеміз. Бірақ, мен тоғыз жыл қазақ мектебінде оқығам. Қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеймін. Бірақ, орысша көбірек.

– Қазақстаннан кеткің келе ме?

– Жоқ, осында қаламын. Бірақ, қай қалада түратынымды әзірге білмеймін. Ақсуда шамалы тұрғым келеді, содан кейін үлкен қалаға көшермін.


Оқи отырыңыз: Grammy иегері Иманбек Зейкенов. Өмірі мен өнері жайлы


– Скриптонитпен таныссың ба?

– Жоқ, бірақ біз жақын жерде тұрамыз. Ақсудан Ленинский ауылына дейін машинамен 15 минут.

– Атақты болған кезде достарыңмен қарым-қатынасың өзгерген жоқ па?

– Мүлде өзгермеді. Олар мен үшін қуанды. Бірақ, менімен таныстықты тиімді көретін "жалған достар" пайда бола бастады. Мұндай адамдардан алыс жүруге тырысамын, мұны достық деп есептемеймін. Серіктестік орнататын адамдарды да таңдай алатын болдым.

– АҚШ-тан "Грэммиді" қашан жібереді?

– Коронавирусқа байланысты оны жеке өзіме табыстай алмады, сол себепті оны маған салып жібереді. Мұның қалай болатынын әлі түсіне қоймадым. Поштамен жіберсе оны ұрлап кетуі мүмкін. Мен гаражда болған кезде курьер әкелетін шығар. Жігіттер "Грэммиді" машинамның үстіне қойып қаланы айналып жүруді ұсынды.

Серіктестер жаңалықтары