Оның мақсаты – мақсаты жас мамандарды жұмысқа орналастыру және зейнет демалысына шығатын жұмысшыларға лайықты ізбасар дайындау болып табылады.
Қостанай облысы – бұл жоба жыл басынан бері пилоттық режимде жүзеге асырылып жатқан төрт облыстың бірі. 10 айда өңір бойынша бағдарламаға 18 адам қатысты. Informburo тілшісі олардың кейбірінен келісімшарттың не беретіні және оның қалай жұмыс істейтіні туралы сұрап білді.
Тракторшы Игорь
20 жастағы Игорь Орлов тракторшы білімін алған. Ол жас кезінен трактор айдауды армандаған және машиналарды жөндеп өскен болатын. Оның асқар тау әкесі, өнеге тұтар тұлғасы өмір бойы өзінің туған жері Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, Белоглинка ауылында механизатор болып еңбек еткен. Сондықтан мектеп бітірген соң, Игорь еш ойланбастан тракторист оқуына түседі. Мамандықты меңгергеннен кейін әскери борышын атқарып, биыл туған ауылына оралды. Жас жігіттің сөзінше, мұнда жұмыс табу мәселесі туындаған.
"Мен әскери қызметті биыл шілде айында өткеріп болдым. Карантин салдарынан жұмысқа тұру оңайға соқпады. Тәжірибем де жоқ. Ақыры таныстарымның ұсынысымен Жұмыспен қамту орталығына келіп, "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы туралы білдім. Содан жобаның барлық жағынан ыңғайыма келетінін түсіндім: тәжірибе жинай алғаннан тыс, тәжірибелі тәлімгерден істің қыр-сырын үйренемін. Сонымен қатар, тұрақты жұмыс пен жалақы бар. Көп ойланбастан келістім", – дейді Игорь Орлов.
"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы бойынша жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталығымен келісімшартқа отырып, "Еңбек" бағдарламасының қатысушысын кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа қабылдайды. Сонымен бірге, мемлекет жас маман еңбегінің алғашқы 6 айында жалақысына субсидия төлейді.
Жұмысқа орналастыру зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкерді ауыстыру талабы мен жұмыс берушінің өтініші арқылы жүргізіледі.
Мейірбике Айдана
Жобаның тағы бір қатысушысы – Рудный қаласының тұрғыны Айдана Раушанова. Ол бірнеше жыл бұрын медициналық колледжді "Мейірбике ісі" мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда, отбасылық жағдайына байланысты ұзақ уақыт жұмыс істей алмайды. Биыл білімін іс жүзінде кәдеге жаратуға бекінгенімен, тәжірибесіз маманды жұмысқа алуға ешкім ниет танытпапты. Осы орайда ақжолтай хабар жергілікті Жұмыспен қамту орталығынан жетті.
"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы бойынша "Рудный қаласының №1 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына" мейірбике ретінде жұмысқа орналастым. Бұрын-соңды еш жерде жұмыс істеп көрмегенімді ескерсек, аз уақыттың ішінде бұл жерде көп нәрсенің байыбына барғаныма қуаныштымын. Мамандығым өзіме қатты ұнайды. Қарт адамдарға күтім жасап, қажетті көмек пен қамқорлық көрсетуге тырысамын: таңу материалдарын әзірлеймін, дәрі-дәрмек таратамын, дене қызуы мен қан қысымын өлшеймін. Жобаның жастарға беретін мүмкіндігі мол деп есептеймін", – дейді Айдана Раушанова.
Айдана да зейнетке шығуға жақын қалған аға буын әріптесін ауыстырмақ. Жас мейірбикенің айтуынша, сүйікті ісін тәжірибе жүзінде үйрене отырып, жалақы алатыны (20 АЕК) айрықша қуантады.
"Бұл дипломы бар, бірақ, тәжірибесі жоқ жастарға өте жақсы демеу", – деп түйіндеді ойын жоба қатысушысы.
Жобадан жұмыс берушінің де ұтатыны анық: қызметкерін зейнеткерлікке шығарып саларда оның орнына жаңа маман баулуға алдын ала қамданады.