Тікелей эфир

Солтүстікте көктемде су басқан аумақ үйілген қоқыс алаңына айналған

Тұрғындар қаланы тазартуды сұрады.

Еліміздің солтүстігінде көктемде су басқан аумақ қазір үйілген қоқыс алаңына айналған. Өйткені тұруға жарамсыз деп танылған баспаналар бұзылып, айналаның астаң-кестеңі шығып жатыр. Тұрғындар жаз бойы шашылып жатқан үйдің қалдықтары қаланың келбетін бұзып тұр дейді. Ал жергілікті билік Петропавлда күзге дейін апатты деп танылған екі мыңға жуық үй сүрілетінін жеткізді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Бір көшеден біз жалғыз өзіміз ғана қалдық. Айнала қоқыстың арасында өмір сүріп жатырмыз. Қаңғыған ит пен мысық. Тұрғылықты жері жоқ адамдардың ордасына айналды. Қаланың көркін бұзып тұр", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Юрий Степаненко. 

Бұзылған үйлерден көз сүрінеді. Ал үйінділер әлі жиналмаған. Сұрықсыз көрінетін қирандылардың тазартылмағанына жұрт наразы. Айтуларынша, өзге тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды осы маңайға төгіп жатыр.

"Құрылыс қалдықтары жан-жақта үйіліп жатыр. Енді осы күйі қалдырып кетсе таңданбаймыз. Енді бұл жерге топырақ төсеп, тегістеп рекультивация жасау керек. Әйтпесе бүтін бір аудан қоқыс алаңына айналады", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Сергей Кругашев. 


Оқи отырыңыз: Ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдай: зардап шеккен тағы екі адам қайтыс болды


Ал әкімдіктегілер қаланың үш ауданында баспаналардың 70 пайызы апатты деп танылғанын жеткізді. Тұруға жарамсыз деп танылған 1800 баспана жылдың соңына дейін бұзылып, орны абаттандырылады дейді.

"Апатты деп танылған үйлер толық сүріледі. Ал тұруға жарамды үйлер сол жерде қалады. Оларды ешқайда көшірмейміз. Тек маңындағы қоқысты жинастырамыз. Жерді тегістегеннен кейін ағаштар егіледі. Айта кетейік, су тасқынынан тек 600 баспана аман қалған. Тұруға жарамды деп танылған үйлер күзге дейін жөнделмек", – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова. 

Серіктестер жаңалықтары