Тікелей эфир

"Қорадағы 12 қойымнан айырылдым". СҚО-да шаруалар қаңғыбас иттерге шағымданды

Тұрғындар көше кезген иесіз иттерді атуға рұқсат беруді талап етті.

Еліміздің солтүстігінде қаңғыбас иттер қорадағы малға шапты. Тұрғындардың айтуынша, ұсақ мал мен құс көшедегі бұралқы иттерге азық болып жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Қорадағы семіртіп отырған қой болатын. Баламның бір жас тұсаукесеріне деп сақтап отырғанмын. Бұл иттер ыстық қанның дәмін сезіп алған. Қайта-қайта келіп қоймай жатыр", – деді Бәйтерек ауылының тұрғыны Ерболат Қабыл. 

Қаңғыбас иттер қойға шапқан. Енді тұрғындар бұзауларға шабуыл жасай ма деп қорқып отыр. 

"Қораның ішінде бір қой мен екі қозы қалып еді. Бірінші күн келіп соны жеп кетті. Арада үш күн өтті, келді да қораның ішіне кіріп, 5 қойды жеп кетті. Тағы үш күннен кейін келді де тағы 4 қойды қырып кетті. Қазір 12 қойдан айрылып отырмын", – деді Бәйтерек ауылының тұрғыны Әбдіжаппар Ағыбаев. 

Тұрғындар көше кезген иесіз иттерді атуға рұқсат беруді талап етеді. Ал әкімдіктегілер иттерді ұстағанымен қамайтын орын жоқ деп отыр.

"Облысқа, ветстанцияға бәріне хабарладық. Олар да заңға сүйенеді. Заң бойынша атуға болмайды, тек стерилизация жасау керек. Ұстап алып, ине салып, приютқа беру керек. Біздің приют толып тұр. Жаңадан приют салынған жоқ. Енді сол салынса, сол кезде бір шешімін табады деген ойдамын", – деді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ринат Шұғайыпов. 

Серіктестер жаңалықтары