Қазақстандықтардың балмұздақ тұтынуы бір жылда 20 мың тоннаға өскен. Оның ішінде әр адам бір жылда жейтін балмұздақ салмағы орта есепке шаққанда 2,86 келіге тең. Бұл жағынан келгенде қазақстандықтар балмұздақ жеу жағынан әлемдік орташа көрсеткіштен 0,9 келіге басым түсіп тұр. Дегенмен, Италия, Германия, Финляндиямен салыстырғанда көрсеткіш төмен. Бұл елдерде бір адам бір жылда орта есеппен 14-15 келі балмұздақ жейді екен.
Мұндай қызықты статистикалық мәліметтерді "Шин-Лайн" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Докин жария етті. Оның айтуынша, Қазақстанда балмұздақ тұтыну бойынша нақты ресми статистика жүргізілмейді. Сондықтан, компания өзіндік талдауын жасауды қолға алған.
Дмитрий Докиннің айтуынша, қазақстандықтар бір жылда құны 72 млрд теңге болатын балмұздақ тұтынады және жыл сайын бұл көрсеткіш қарқынды өсіп келеді. Бұл ретте ерекше атап өтер жайт, Қазақстан халқы тұтынатын тәтті мұздақтардың басым бөлігі, яғни 81,2 пайызы – отандық өнім.
Оқи отырыңыз: Түркістанда колледж оқытушысы қымыздан балмұздақ жасап шығарды
Мысалы, 2023 жылы қазақстандық фабрикалар шамамен 52 мың тонна балмұздақ өндірген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,8 пайызға артық.
"Қазақстандағы балмұздақ нарығының көлемі жылына 6-9 пайызға өседі және біздің болжамымыз бойынша, 2024 жылы 62 мың тоннаға жетеді", – деді Дмитрий Докин.
Ол Қазақстанның ірі қалаларында балмұздақ сатылымы жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл қала халқының сатып алу қабілетінің жоғарылығына, сауда нүктелері мен дәмханалардың, саябақ және демалыс аймақтарының қалаларда шоғырлануымен байланысты.