"Қазақмыс Барлау" компаниясының бас директоры Ғалым Нұржанов "Ivanhoe Mines", "Pallas Resources" сияқты ірі компаниялар мен әйгілі "Colorado School of Mines" университетінің өкілдерімен кездесті, деп хабарлады "Қазақмыс" компаниясының баспасөз қызметі.
Жиын барысында осы халықаралық серіктестермен бірлескен жобаны жүзеге асыру жайы талқыланды. Яғни аталған компаниялар коллаборация жүргізіп, геологиялық барлау жұмыстарында күш біріктірмек. Бұл жаңа кен орындарының анықталуын жеделтеуі мүмкін. Әсіресе Жезқазған аумағы мен Шу-Сарысу бассейнінің әлеуеті артады деп күтіліп отыр.
Жоба үш жылға жоспарланған. Осы уақытта деректерді біріктіру, 3D модельдеу, геофизикалық және геохимиялық талдау сияқты жұмыстар жүргізілмек. Бұл бастама Қазақмыс үшін технологиялық даму, кадрларды даярлау және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік бермек.
"Colorado School of Mines", "Pallas Resources", "Ivanhoe Mines" сияқты компаниялар да геология саласында, ғылымда тәжірибесі мол "Қазақмыс Барлау" компаниясымен ынтымақтастықты арттыруға ынталы. Оның үстіне оларға Жезқазған қаласындағы Геологиялық кластерде жұмыс істеуге мүмкіндік берілмек. Ол – толық циклді геологиялық барлау жұмыстарын біріктіретін, Орталық Азияда баламасы жоқ әлемдік деңгейдегі санаулы кластерлердің бірі.
Ivanhoe Mines – канадалық тау-кен компаниясы. Мыс, алтын сияқты пайдалы қазбаларды барлау және өндірумен айналысады. Негізгі жобалары Африкада. Pallas Resources – бұл пайдалы қазбаларды барлау және игерумен айналысатын тау-кен компаниясы. Colorado School of Mines – инженерлік және жер қойнауын зерттеу бағытында жоғары деңгейлі білім беретін университет.
USD:
463.1 / 465.7
EUR:
543.5 / 548.5
RUB:
6.01 / 6.13

