Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазды Ақорда.
"Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізе білді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.
Оқи отырыңыз: Бердібек Сапарбаев қайтыс болды
Бердібек Сапарбаев 1953 жылы дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.
2014-2015 жылдары премьер-министрінің орынбасары болды. Әр жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының әкімі болды.
2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды. 2019-2020 жылдары премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған.
2020 жылдың ақпанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болды. Одан кейін "QazBioPharm" ұлттық холдингі" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне кірісті.