Тікелей эфир

Мұғалімдер қандай құжаттарды толтыруға міндетті емес? Оқу-ағарту министрлігінің тізімі

Оқу-ағарту министрлігі педагогтер арасында ішінара анонимді анкета жүргізген.

Педагогтерден шамадан тыс есептілік талап ету мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таппай отыр, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов. Комитет басшысы министрліктің ішінара анонимді анкета жүргізіп, кей өңірлерде әлі күнге дейін педагогтерден артық құжаттар талап етіліп отырғанын айтты. 

"Сынып жетекшісі тек үш түрлі құжат жүргізеді. Оқу жылы басталғанға дейін бір рет сынып жетекшісінің жылдық жұмыс жоспарын құрады. Тоқсан және оқу жылының қорытындысы бойынша үлгерім табельдерін толтырады және білім алушының жеке іс-қағазын жүргізеді", – деді комитет төрағасы.

Сынып жетекшілерінен талап етуге болмайтын құжаттар:

  • балалардың күнделікті сабаққа қатысу есебі (ол кейде мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру үшін де сұралады);
  • сынып сағаттарының өтуі туралы есеп;
  • 9-11 сынып оқушыларының оқуға түсуі немесе жұмысқа тұруы туралы мәлімет;
  • қауіпсіздік шараларын сақтау туралы нұсқаулық протоколы;
  • тоқсан қорытындысы бойынша үлгерім мәліметтерін басып шығару;
  • сынып оқушыларының әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат;
  • тәртібі нашар оқушылар туралы журнал немесе дәптер;
  • ата-анамен жұмыс журналы.

"Күнделікті пән мұғалімдері тек екі құжатты ғана жүргізуге тиіс. Бұл журнал мен қысқа мерзімді жоспар. Оқу жылы басталғанға дейін бір рет күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасайды. Сонымен қатар тәлімгерлік қызмет атқаратын мұғалімдер тәлімгерлік жоспар құрады. Тоқсан қорытындысы кезінде жиынтық бағалау нәтижелері бойынша талдауды дайындайды. Бұл тек электрондық форматта болуы қажет", – деді Ернұр Дәуенов.


Оқи отырыңыз: Kundelik.kz мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтты ма? Жоба жетекшісі Мұхтар Ілиясовпен сұхбат


Пән мұғалімдерінен талап етуге болмайтын құжаттар:

  • Дарынды балалармен жұмыс жоспары;
  • "Алтын белгіге" үміткерлермен жұмыс есебі;
  • Педагогикалық тәжірибені тарату туралы есеп;
  • Өзін-өзі жетілдіру туралы жоспар;
  • Оқушыларды қорытынды аттестацияға дайындау жоспары;
  • Тоқсан, оқу жылының қорытындысы бойынша үлгерім динамикасының есебі (электронды журнал арқылы);
  • Педагогтердің аттестациясына дайындық жоспары;
  • Оқу кабинеті туралы журнал.

"Бұған кей аудандық және қалалық білім басқарламалары мен олардың ішіндегі әдістемелік кабинеттердің НОБД базасын дұрыс толтырмауы себеп болып отыр. Кей мектептерден НОБД-ны дұрыс толтырмағандықтан, қосымша ақпарат сұралады", – деді комитет төрағасы.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары