Информбюро тілшісі Kundelik платформасының бас директоры Мұхтар Ілиясовпен сұхбаттасып, жаңа функцияның мүмкіндігі, қағазбастылықпен күрес және жеке деректердің қауіпсіздігі туралы сұрады.
– BTS Digital компаниясымен бірге Kundelik.kz платформасында жеке чат ашу оқушылар мен ұстаздарға, ата-аналарға қандай мүмкіндік береді?
– Былтыр қашықтан оқу кезінде мұғалімдердің оқушыларға қажет ақпаратты WhatsApp арқылы таратқанын байқадық. Алайда, "ватсапта" оқушыларды, ата-аналарды табу, әр сыныптың оқушысын бір чатқа қосу кішігірім қиыншылық тудыратын және "әңгімесі көп" жұмыс болатын. Сол себепті BTS компаниясымен интеграция жасап, Kundelik.kz ішіне Aitu мессенджерін орнаттық. Енді мұғалімдер бір сыныпқа чат ашу үшін әр оқушының аты-жөнін өзі енгізіп отырмайды. Қай оқушы қай сыныпта оқитынына бас қатырмайды. Мысалы, сіз 7 "ә" сыныбының жетекшісі болсаңыз, Kundelik.kz-тегі Aitu мессенджеріне кіргенде сыныптағы бүкіл оқушы шығып тұрады. Пән мұғалімдеріне де өзі сабақ беретін сыныптар қолжетімді болады. Сол арқылы хабарлама, тапсырма, файл, аудио жіберуге болады. Оқушылар да кері байланысқа шыға алады. Сонымен қатар, ата-аналар да осы чат арқылы сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен, мектеп әкімшілігімен тілдесе алады.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Мектепте құжатбастылық тыйылмаса, білім басқармасы басшылары жазаланады
– Kundelik.kz платформасының 4 жылдағы жетістігі қандай? Электронды журнал ұстаздарды қағазбастылықтан қаншалықты арылта алды? Бұл ретте қандай да бір зерттеу жүргізілді ме?
– Қазіргі таңда 6 260 мектеп kundelik.kz платформасын қолданып отыр. Олардың бәрі қағазбастылықтан электронды құжат айналымына көшті. 6 миллионнан астам қолданушымыз бар. Оның ішінде 380 мыңы – мұғалім, 3,5 миллионы – оқушы, 2,5 миллионнан астамы – ата-ана. Жылына бір миллиардқа жуық баға қойылады.
– Кейбір шалғай ауылдарда kundelik.kz қолданады, бірақ онымен қоса қағаз жүзіндегі нұсқасы да қолданыста екен. Бұл туралы не айта аласыз? Қандай да бір түсіндірме жұмыстарын жүргізесіздер ме?
– Ондай түсіндірме жұмыстарын тек Білім және ғылым министрлігі жүргізеді. Министрліктің бұйрықтарында бәрі анық жазылған: Егер мектепте интернет пен қажет инфрақұрылым болса, тек қана электронды форматта жұмыс істейді. Электронды және қағаз нұсқасымен бірге жұмыс істеуге болмайды. Ал интернет жылдамдығы баяу немесе компьютерлік инфрақұрылымы жоқ мектептер дәстүрлі қағаз журналдарды пайдаланады.
– 6200-ден астам мектеп kundelik.kz журналын пайдаланып отыр. Ал елімізде 7400-ден астам мектеп бар. Басқа мектептер қай платформамен жұмыс істейді? Олар неге kundelik.kz-ке қосылмаған?
– Қазіргі таңда мұндай үш жоба бар. Ең үлкені – біз, яғни kundelik.kz. 6200-ден астам мектеп біздің плафторманы қолданады. Қарағанды облысындағы 500-ге жуық мектеп, Маңғыстау облысындағы 150-дей мектеп басқа платформамен жұмыс істейді. Ең басты айырмашылығы – ол жобалар жергілікті әкімшілік тарапынан қаржыландырылады. Біз министрлікпен тікелей жұмыс істейміз. Біздің жоба ақысыз. Кезінде бүкіл облысты қамтығымыз келген, бірақ Қарағанды мен Маңғыстау облыстарының әкімшілігі өз жобаларымен жұмыс істеуді қалады. Солайша, аталған екі облыста қызмет көрсетпейміз.
Қалған мектептер шалғай ауылдарда орналасқан, электронды күнделік қолдануға қажет инфрақұрылымы жоқ. Олар дәстүрлі форматта, қағаз журнал, қағаз күнделік қолданады.
– Жасыратыны жоқ, қазір мектептерде негізінен егде жастағы мұғалімдер жұмыс істейді. Оларға мұндай жаңалықтарды игеру оңай ма?
– Бұл, стереотип. Басымыздан өткен тәжірибе. Жасы үлкен мұғалімдер kundelik.kz-те өте сапалы жұмыс істейді. Әрине, жоба енді енгізіліп жатқан 2016-2017 жылдары қиындық болды. Жасы үлкен ұстаздарға технологияларды қолдануды үйрену кішкене қиынға соқты. Бірақ, олардың академиялық процесс туралы түсінігі зор. Қазір мұғалімдер жобаны жақсы меңгеріп алды.
– Kundelik.kz қолданушының жеке деректері қаншалықты қорғалған?
– Жеке деректері толықтай қорғалған. Себебі, барлық дербес дерек Білім және ғылым министрлігі мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ серверлерінде орналасқан.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінде "информатика" пәнін виртуалды мұғалімдер жүргізеді
– Ғаламтор кеңістігінде бала психикасына зиян ақпараттың көптігі мұғалімдер мен ата-аналарды алаңдатады. Бұл ретте kundelik.kz жеткілікті қауіпсіз бе? Себебі, кейде ата-аналар платформаға кірген кезде әбес жарнамалар шығатынын айтып, шағымданып жатады.
– Кейде ондай жағдайлар болады. Бірақ, ол бізге байланысты емес. Біз тек балалардың жасына сай жарнама берушілермен жұмыс істейміз. Десе де, сіз айтқандай жарнама шығып кетсе, көп ата-ана түсінбей қалады.
Бұл жерде мәселе былай: қолданушылардың браузерінде әртүрлі плагиндер орнатылған. Ол плагиндердегі жарнама Kundelik.kz сайтының үстіне шығады да, біздің платформаның жарнамасы сияқты көрініп қалады.
Дегенмен, егер ондай оқиғалар болса, бізге хат жазыңыздар, тексереміз.
– Kundelik.kz жобасы 2016 жылы жасала бастады. Ал 2017 жылы президент жолдауында білім саласын цифрландыру туралы тапсырма берілді. 2018 жылы Kundelik.kz ресми түрде қолданысқа енгізілді. Сіздердің жобаны қолға алуларыңыз бен президент тапсырмасының бір уақытта болуы сәйкестік пе? Әлде бұл білім саласының даму бағытына жасалған тыңғылықты зерттеудің нәтижесі ме?
– Біз бұл саланы зерттеп, бағдарламасын жазуды 2015 жылы бастағанбыз. 2016 жылы компаниямызды аштық. Бірақ, жалпы алғанда, бұл сәйкестік. Негізі Қазақстанда мұндай тәжірибе болған. 2011-2013 жылдар арасында E-learning бағдарламасы қолданылды. Бірақ, айтарлықтай нәтижеге жете алмады. 2013-2015 жылдар арасында ол жоба жұмыс істеген жоқ. Сондықтан осы нарыққа келіп, өз бағдарламамызды жасадық. 2016-2018 жылдар аралығында да пилоттық жоба ретіне жұмыс істеп жүрдік. 2018 жылдан бастап кәсіпқой деңгейде жұмыс істеп жатырмыз.