Жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы талаптарына сәйкес, сот шешімінсіз азаматтарды баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу нормасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл өзгеріс әсіресе пәтер жалдау нарығына қалай әсер ететіні туралы түрлі пікірлер тудырды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жылжымайтын мүлік саласының сарапшылары бұл норма жалға беру шарттарын күрделендіруі мүмкін екенін айтады. Олардың пікірінше, енді жалға алушы сот шешімі шыққанға дейін үйді босатудан бас тартуы ықтимал. Мұндай тәуекелдер мүлік иелерін талапты күшейтуге итермелеуі мүмкін: қосымша төлемдер сұралып, депозит көлемі ұлғаюы ықтимал. Нәтижесінде, пәтерақы да қымбаттауы мүмкін.
Жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшы Лариса Степаненко бұл өзгерістер нарыққа әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жалға алушы үйден шығудан бас тартса, мәселе тек сот арқылы шешіледі. Бұл өз кезегінде төлем қабілеті жоғары азаматтарға басымдық берілуіне әкелуі мүмкін, ал табысы төмен адамдар үшін пәтер жалдау қиындай түспек.
Ал заңгер Нұрсұлтан Орынбек керісінше пікір білдірді. Оның айтуынша, жалға берушілер үшін айтарлықтай өзгеріс жоқ. Себебі келісімшарт – жазбаша немесе ауызша болсын – сотта дәлел ретінде қарастырылады. Сондықтан төлем жасамаған жалға алушылар қарызын сот арқылы өтеуге міндеттеледі. Мәселен, екі ай төлем жасалмаса, негізгі қарызға қоса мемлекеттік баж және заңгер шығындары қосылып, жалпы сома айтарлықтай ұлғаюы мүмкін.
Үнзила Шапақ жалға алушы мен жалға беруші арасындағы қатынастар келісімшарт арқылы реттелетінін атап өтті. Оның айтуынша, тараптардың құқықтары мен міндеттері заң аясында нақты жазылатын болады, сондықтан алаңдауға негіз жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл норма ең алдымен несиелік міндеттемелерін орындай алмаған пәтер иелеріне қатысты қолданылады. Ал келісімшарт талаптарын сақтап, төлемдерді уақытылы жүргізетін азаматтар үшін айтарлықтай өзгеріс болмайды.