Тікелей эфир

Асхат Аймағамбетов тұрмыстық зомбылыққа қарсы заңдарға қатысты 3 мифті атады

Депутат әлеуметтік желідегі ақпаратқа сенгеннен гөрі заңның өзін оқуға кеңес береді.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов "Qasqa jol" YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақтанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заңдарға қатысты пікір білдірді. 

Оның айтуынша, қоғамда бұл заң аясында білместікпен және әдейі де таратылған мифтер мен фейк ақпарат көп. Мәжіліс депутаты сұхбатта оның басты үшеуіне тоқталды. 

Бірінші миф – заң экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінен кейін ғана қабылданды

Алайда, Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, заң жобасы бұл іске дейін әзірленіп, аталған оқиғаға дейін-ақ, үкіметтің қарауына ұсынылып қойылған. "Бұл мәселе біздің сайлауалды бағдарламамызда да айтылған болатын", – деді ол. 

Екінші миф – заң тек әйелдердің құқығын қорғайды

Мәжіліс депутаты бұл ақпараттың да шындыққа жанаспайтынын айтты. 

"Бұл заң ерлердің де, жалпы Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайды. Ер адамды ер адамды не әйел адам әйел адамды ұрып-соқса да, дәл осы заңның нормалары қолданылады", – деді Асхат Аймағамбетов. 

Үшінші миф – заңда ата-анадан баланы тартып алып қоюға рұқсат беретін норма бар

Мәжіліс депутаты, мұның жалған екенін айтты. 

"Бұл заң керісінше отбасы институтын күшейу бағытында жұмыс істейді. Біз заңға дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптейтін принциптерді енгіздік. Оған сәйкес, отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Яғни, егер отбасында қандай да бір әлеуметтік мәселелер бары анықталса, оған алдын ала көмек беріледі", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов. 


Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнама. Ең негізгі баптарын түсіндіреміз


Оның сөзінше, көп адам мұндай жалған ақпаратқа білместікпен сеніп және оны таратып жатса, белгілі бір адамдар не топтардың мүддесі аясында арнайы қауесет таратумен шұғылданатындар барын да ескертті. 

"Заңды алып оқу керек. Бәріміз оқу білеміз. Заңды оқитын болса, онда ешқандай да ақылға сыймайтын заң нормалары жоқ екеніне көз жеткіземіз", – деді мәжіліс депутаты. 

Серіктестер жаңалықтары