Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы екі бірдей заңға қол қойды. Бірқатар заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Информбюро порталы заңнамадағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіреді.
Заңда неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары қарастырылған:
- дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілеті;
- балаларды жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарға құрмет рухында адамгершілік және рухани тәрбиелеуді қамтамасыз ету;
№1. "111" байланыс орталығы
Алғаш рет заңнамада отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі "111" байланыс орталығы жұмысының құқықтық негіздері белгіленді.
"111" байланыс орталығы:
- азаматтарға кеңес береді;
- ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді;
- келіп түскен өтініштер туралы мемлекеттік органдарды ақпараттандырады;
- мемлекеттік органдар байланыс орталығына қабылданған шаралар туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
№2. Отбасын қолдау орталықтары
Отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың қызметі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Олар аудандар мен қала аудандарында жергілікті атқарушы органдардың шешімімен бюджет қаражаты және өзге де тыйым салынбаған қаражат көздері есебінен құрылады.
Отбасылық саясат саласындағы уәкілетті орган олардың қызмет тәртібін айқындап, жұмысын үйлестірумен және әдістемелік басшылықты жүзеге асырумен айналысады.
Орталықтардың алдына ауқымды міндеттер қойылды, оларды шешу отбасылық құндылықтарды нығайуға, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды алдын ала анықтауға айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Орталықтар тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейін тұруға мүмкіндік береді. Бұл ретте жұмыс беруші тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда болған кезеңде қызметкерге жалақысы сақталмайтын, 30 күннен аспайтын мерзімге демалыс беруге міндетті.
№3. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру
Денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Заңда денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК-ге дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.
Ал ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 1000 АЕК-ге дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге және ұрып-соғуға байланысты істер бойынша қылмыстық қудалау жәбірленушінің шағым берген-бермегеніне қарамастан жүзеге асырылады.
№4. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру
Бас бостандығын шектеу түріндегі балама жазаны алып тастау арқылы қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін жауапкершілік күшейтілді.
Ауырлататын мән-жайлар кезінде денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін тек 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру ғана көзделген. Денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін тек 3 жылдан 8 жылға дейін ғана бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Азаптау үшін жаза күшейтілді – 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде – 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
№5. Ұрып-соғу
2017 жылы "Ұрып-соғу" бабы Қылмыстық кодекстен алынып тасталған болатын. Енді ұрып-соққан үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.
Ауырлататын мән-жайларда ұрып-соғу 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не түзеу жұмыстарына не 100-ден 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға не 30-дан 50 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады.
Жәбірленушіні азаптау мақсатында аса қатыгездікпен, қорлаумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату, егер бұл іс-әрекет денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге алып келмесе – 1000 АЕК-ге дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
№6. Өзін-өзі өлтіруге итермелеу және насихаттау
Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұған дейін тек өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін ғана жауапкершілік қарастырылған болатын. Енді жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтіруіне дейін немесе өзiн-өзi өлтіруге оқталуына дейiн жеткiзу, сол сияқты оны өзін-өзі өлтіруге көндіру не соған ықпал ету – 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ауырлататын мән-жайлар кезінде мұндай әрекеттер үшін 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған осындай әрекеттер үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары түрінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Егер мұндай насихат бір және одан да көп адамды өзін-өзі өлтіруге әкеп соқса, кінәлі адам 1 жылға бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға, ал өзін-өзі өлтіруге алып келсе – 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Оқи отырыңыз: Психолог: "Өлтіргенін күтудің қажеті жоқ". Тұрмыста зорлық-зомбылық көрсеңіз, кімнен көмек сұрау керек?
№7. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық
Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстардың тізімі нақты жазылған. Оған кәмелетке толмағанды және жас баланы өлтіру, олардың денсаулығына әртүрлі дәрежеде зиян келтіру, кәмелетке толмағанды ұрлау және басқа да қауіпті әрекеттер жатады.
Мұндай қылмыстарды жасаған адамдарға заңмен осы құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан неғұрлым жеңіл жаза тағайындау мүмкіндігі қарастырылған қылмыстық заңның жекелеген ережелерін қолдануға тыйым салынады.
Сондай-ақ, олар татуласуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Бұл ретте заңда көрсетілген тыйымдар кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасаған адамдарға қатысты қолданылмайды.
№8. 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу
Алғаш рет 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы тиісу үшін (интернет желісін қоса алғанда) қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл әрекет үшін 200 АЕК дейін түзету жұмыстары не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не 3 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
16 жасқа толмаған адамдарға қатысты азғындық әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік белгіленді. Заң қабылданғанға дейін мұндай жауапкершілік тек 14 жасқа толмаған адамдарға қатысты азғындық әрекеттер үшін ғана қарастырылған болатын.
Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Балаларды ұрлағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін болған), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 5 жылға дейін болған) жазасы қолданылады.
№9. Буллинг, кибербуллинг
Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Буллинг, кибербуллинг жасағаны үшін ескерту жасалады не 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Буллинг не кибербуллингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған бала жасаса олардың ата-анасына не оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасалады не 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
№10. Өмір бақи бас бостандығынан айыру
Жас баланы өлтіргені, жас балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны және балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізіледі.
Мұндай ауыр қылмыстар жасағандарға басқа балама жазалау шаралары алынып тасталды.
№11. Балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды тексеру және лицензия талап ету
Бюджеттің қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар объектілерге, сондай-ақ стационарлық типтегі интернаттық ұйымдарға, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға тексеру жүргізу рәсімі жеңілдетілді. Яғни, алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға келесі жұмыс күні ішінде ұсына отырып, объектілерге жоспардан тыс тексеру жүргізілуі мүмкін.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік қызметтер, сондай-ақ білім беру және сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдардың қызметін жүзеге асыру үшін енді тиісті лицензия талап етіледі.
№12. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада қоғамдық негізде қызмет ететін Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдермен күшейтілді. Оларды әкімдер Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің келісімі бойынша тағайындайды.
Қызметі:
- баланың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты шағымдарды қарау;
- бұзылған жағдайда қалпына келтірілуге жәрдем көрсету;
- заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдарды әзірлеу;
- жергілікті атқарушы органдарға және білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт жүйелерінің ұйымдарына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ұсталатын қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне кедергісіз бару;
- балалардың құқықтарымен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың құжаттарына сұрау салу.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыретіне "111" байланыс орталығының мемлекеттік және қоғамдық институттармен қызметін үйлестіру және өзара іс-қимылын ұйымдастыру мәселелері жатады.
Оқи отырыңыз: Айгерім Құсайынқызы: "Бишімбаев ісінен кейін Қылмыстық кодекске "әйел өлтіру" деген бап енгізілуі қажет
№13. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгілеу
Қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танылған адамға жаза тағайындау кезінде не оны қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату кезінде сот өз бастамасы бойынша не қылмыстық процесс тараптарының өтінішхаты бойынша оның жүріс-тұрысына үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге ерекше талаптар белгілеуі мүмкін. Психологиялық көмек көрсетумен қатар:
- жәбірленушінің кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз отбасы мүшелерін қоса алғанда, жәбірленушінің еркіне қарамастан, оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға;
- атыс қаруын және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға;
- алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға толық көлемде немесе жеке-жеке тыйым салу көзделеді.
Қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгіленген кезде жәбірленуші мен оның отбасы мүшелерін күзету және қорғау үшін сот айрықша жағдайларда, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамға жәбірленушімен бірге тұрғын үйде тұруға тыйым салу түрінде құқықтық ықпал ету шарасын отыз тәулікке дейінгі мерзімге қолдануға құқылы.
Сотталған адамның не өзіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тараптардың татуласуына орай тоқтатылған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде оған профилактикалық әңгімелесу үшін айына бір реттен төрт ретке дейін ішкі істер органдарына келіп тұру міндеттері жүктелуі мүмкін.
Ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу бойынша, өзіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тараптардың татуласуына орай тоқтатылған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде оған сот шешімімен профилактикалық әңгімелесу үшін айына бір реттен төрт ретке дейін ішкі істер органдарына келіп тұру міндеті жүктеледі.
№14. Зорлық-зомбылықты хабарлау
Енді тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын қабылдауға БАҚ-тағы немесе онлайн платформалардағы зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарлама негіз бола алады.
Сондай-ақ, білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған не оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;
№15. Жолақы төлемеген бала
16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Бұл әрекет үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.