Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта әл-Фараби даңғылы бойында болған өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты іс қаралып жатыр.
Сот отырысында үшінші жәбірленуші тарап көлік жүргізушісі Александр Пакты кешіргенін және оған ешқандай талап-арызы жоқ екенін мәлімдеді.
Марқұм Томирис Қадырбек анасы Арайылым Есенбаева сотта 21 наурыз күні таңертең қызының қаза болғаны туралы хабар алғанын айтып, мәйітті тану үшін мәйітханаға барғанын жеткізді.
"Мен Томирис Қадырбектің анасымын. Айыпталушыға ешқандай талабым жоқ. Барлығы соттың заң аясында шешуіне қалдырамын", – деді ол.
Қорғау тарапы Пактың жәбірленушілермен бітімге келу туралы өтініші бар екенін хабарлады. Жәбірленуші тарап бұл келісімді растаған. Құжатта ауыр салдарға қарамастан, отбасының айыпталушыны кешіргені, оның өкініш білдіргені және келтірілген материалдық әрі моральдық шығынды толық өтегені көрсетілген.
Айта кетейік, бұған дейінгі сот отырысында, тағы екі жәбірленуші тарап та айыпталушыны кешірген болатын.
Александр Пак кінәсін толық мойындаған. Оған ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр — мас күйінде жол ережесін бұзып, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы.
Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға 21 наурызға қараған түні болған. Zeekr көлігін тізгіндеген Пак қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан үш адам қаза болған.