Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 20 мамыр күні мемлекеттік тіркеу нөмірін заңсыз беру фактісі бойынша жүргізілген сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталған.
Тергеу барысында апатқа қатысқан көлікте тағылған 100 QR 02 мемлекеттік тіркеу нөмірі көліктің ресми тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтіні анықталған.
Оқиғадан кейін ІІМ-нің Ішкі қауіпсіздік департаменті бірқатар полиция қызметкерлеріне қатысты "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабы бойынша тексеру бастаған болатын. Алайда кейін бұл бап бойынша іс тоқтатылған.
Министрліктің хабарлауынша, кейін Алматы қаласының полициясы Қылмыстық кодекстің 370-бабы — "Қызметтегі әрекетсіздік" бойынша тергеу жүргізіп, іс материалдарын прокуратураға жолдаған.
Оқи отырыңыз: Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апаты ісі: үшінші марқұмның туысы да кешірім берді
Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болып, салдарынан үш адам қаза болған еді.
Іс бойынша айыпталушы Александр Пак сотта өз кінәсін толық мойындап, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың өкілдері сот барысында айыпталушыны кешіретіндерін айтып, оған бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұраған.