24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің ішінде Маңғыстау облысының тумасы, жас спортшы Сержан Аяпберген де бар.
Қорғаныс министрлігі кейіннен қаза тапқан әскерилердің тізімін жариялады. Тізімде мерзімді әскери қызметтегі матрос Аяпберген Сержан Талғатұлы бар. Ол 2006 жылғы 18 ақпанда Маңғыстау облысында дүниеге келген, Ақтау қаласының тұрғыны. Ол бар болғаны 20 жаста еді.
Әскер қатарына шақырылғанға дейін Сержан ғұмырын спортқа арнады. Ол – Маңғыстаудағы "Жас Батыр" мамандандырылған спорт мектебінің түлегі. Самбо мен дзюдомен айналысып, бала кезінен бастап өңір намысын түрлі деңгейдегі дүбірлі жарыстарда қорғап келді.
Сержан Талғатұлының алғашқы айтулы табыстарының бірі – 2018 жылдың ақпан айында Бішкекте өткен самбодан халықаралық турнир. Ол кезде 12 жастағы Сержан 35 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, финалға дейін жетті де, күміс жүлдегер атанды. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 327 спортшы қатысқан сол бәсекеде "Жас Батыр" мектебінің шәкірттері 6 медаль иеленіп, командалық есепте топ жарды. Сол кезде бапкері Айбек Бисекенов Сержанға финалда жеңіске жету үшін сәл ғана мүмкіндік жетпей қалғанын атап өткен еді.
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың отбасына қалай көмек беруге болады? Бірыңғай оператор белгіленді
Сержан дзюдо татамиінде де жоғары нәтижелер көрсетті. Ақтау қаласында жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирде 42 келіге дейінгі салмақта қола жүлде иеленді. Бұл жарысқа Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген ең мықты спортшылар қатысқан болатын. Бұдан бұрын да ол 2006-2008 жылғы жасөспірімдер арасындағы біріншіліктерде топ жарып, "Жас Батыр" мектебі ұйымдастырған турнирлердің алтын медаль иегері атанды.
Спорт мектебінің мәліметінше, Сержан жылдар бойғы еңбегінің арқасында самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанып, ТМД студенттер жарысында топ жарған және дзюдодан республикалық әрі халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғаған.
Спорттағы жарқын сәттерден кейін Сержан Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
"Спорттағы жарқын жетістіктерімен қатар, Сержан ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, Отан қорғау жолында қаза тапты. Аяпберген Сержан Талғатұлының мезгілсіз қазасына байланысты отбасына, туған-туыстарына, жақындарына және барша әріптестері мен спортшылар қауымына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын. Артында қалған туған-туыстарына Алла тағала сабыр берсін. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", – деп көңіл айтты "Жас Батыр" мамандандырылған спорт мектебінің ұжымы.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында, Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығу жиыны кезінде болды. Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы кенеттен бұзылып, дауыл тұрды. Толқын салдарынан әскери қызметшілер теңізге ығысып кетті. Жергілікті биліктің нақтыланған мәліметінше, суға 17 адам түскен: олардың 12-сі қаза тапты, 3 сарбаз құтқарылды,. 25 қыркүйек күні іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатқан тағы екі сарбаздың көз жұмғаны белгілі болды.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, үкіметтік комиссия құрылды. Төтенше жағдайдың егжей-тегжейлі мән-жайы анықталуда.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.