Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Мемлекет басшысы тиісті өкімге қол қойды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.
"Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды", – делінген хабарламада.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 19 әскери қызметшіні Каспий теңізі ағызып әкетті. Сағат 14:00-дегі мәлімет бойынша, Қорғаныс министрлігі тоғыз адамның қаза тапқанын растады. Үш әскери қызметші құтқарылды, іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов пен үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев аттанды.
Ақтау гарнизоны қылмыстық іс қозғады. Тергеуді арнайы құрылған жедел-тергеу тобы жүргізіп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына көңіл айтты
Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты