Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған сарбаздың жағдайы жақсарған. Ақжол Темірәлиев қазір аурухананың терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бекболат Ізбасаров мәлімдеді.
Аман қалған сарбаздың ата-анасы ауруханаға барып, ұлымен жүздескен. Маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев та олармен бірге ауруханаға кіріп, сарбазды видеоға түсірген.
Ақжолдың әкесі баласымен кеше аз уақыт сөйлесіп үлгергенін айтты. Оның сөзінше, ұлы оқиға кезінде суға кеткен сарбаздардың арасынан жағаға жүзіп шыққан.
"Басында реанимацияда жатқан соң көп сұрақ қойған жоқпын. Баламды тергеу тергейтінін білемін, сондықтан қазір көп ештеңе айта алмаймын. Бірақ өзіммен сөйлескенде суға кеткендерін, сосын жарты сағаттай досы Азаматты іздегенін айтты. Кенет су жұтып қойып, басы айналған соң жағаға жүзіп шыққан. Жедел жәрдем келгенін біледі, кейін ауруханаға келгенше не болғанын білмеген", – деді сарбаздың әкесі.
Аурухана палатасына кірген әкесі баласының маңдайынан сүйген. Ал анасы ұлының алақанын қысып, жанында болған.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, сарбаздың денсаулығы қазір жақсарған. Ақжол Темірәлиев реанимациядан терапия бөліміне ауыстырылып, ем қабылдап жатыр.
Оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатқандықтан, сарбаздың өзі болған жағдай туралы әзірге толық мәлімет бере алмайды.
Еске салайық, Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының бұзылуы салдарынан сарбаздар суға кеткен болатын. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.