Тікелей эфир

Алексей Цой: Covid-19 жұқтырған қазақстандықтар тағы 5 дәріні тегін ала алады

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Коронавирус жұқтыру көрсеткіші Қазақстанда 4 пайыздан 2,1 пайызға азайған.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

Тегін берілетін дәрілер қатарында парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, апиксабан және дабигатран бар. Оларды алу үшін науқас жергілікті мекен-жайы бойынша тіркелген емханаға хабарласуы қажет.

"Біз қазір осы дәрілерді үйден емделіп жатқан және амбулаториялық ем қабылдап жатқан азаматтарға тарату мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұлар – науқастар күн сайын дәріханадан таба алмай жүрген, дене температурасын түсіретін дефицит антиобиотиктер. Дәл осы дәрілерді үйде емделу стандартына қосқымыз келіп отыр. Осылайша, симптомы жеңіл түрде өтіп жатқан жандарға көмектесе аламыз. Науқастар ауруханаға бармай-ақ, қажет дәрілерді үйінде қабылдайды", – деді Алексей Цой.

Cондай-ақ, науқас учаскелік дәрігерлерден онлайн режимде кеңес ала алады. Науқастың денсаулығы күрт нашарлаған жағдайда учаскелік дәрігер мобильді бригадамен оның үйіне барады.

"Жедел жәрдем" шақыратындар азайды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тәулігіне коронавирус жұқтыру көрсеткіші 4 пайыздан 2,1 пайызға азайғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір күн сайын 1 500-1 600 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып отыр. Сондай-ақ, министр соңғы 2-3 аптадағы оң өзгерістерді атады:

"Қазір елімізде коронавирус инфекциясынан емделгендер саны 60 пайызға жетті. Сонымен қатар, азаматтардың жедел жәрдем бригадасын шақыруы 23 пайызға төмендеді. Шілде айының алғашқы 3 аптасында төсек-орындар саны 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін көбейді. Оның ішінде қосымша инфекциялық төсек-орын саны – 5,3 мың. Провизорлық төсек-орындардың жүктемесі 20 пайызға, ал жансақтау бөлімінің жүктемесі 6 пайызға төмендеді. Осының арқасында науқастарға медициналық көмек көрсету қолжетімділігі артты".

Коронавирус инфекциясынан 59 дәрігер көз жұмған

Министрдің айтуынша, вирус жұқтырып, қайтыс болған медицина қызметкерлерінің тізімі қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданған.

"Дәл қазір 123 ақ халаттының жұмыс бабында коронавирус инфекциясын жұқтырғаны, оның ішінде 59 адамның көз жұмғаны дәлелденіп отыр. Біздің міндетіміз - осы кісілердің тізімін жинап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсыру. Дәрігердің вирусты жұмыста не үйде жұқтырғанын анықтау үшін оның эпидемиологиялық картасы да қарастырылады. Аталған медицина қызметкерлеріне төлем тағайындау ісімен жауапты министрлік айналысады", – деді Алексей Цой.

Covid-19 жұқтырған медицина қызметкерлеріне берілетін бір реттік әлеуметтік төлем – 2 млн теңге, ал қайтыс болғандарға 10 млн теңге тағайындалады.

Жасанды тыныс алдыру аппараты жеткілікті ме?

Денсаулық сақтау министрі қазір Қазақстанда 1 958 жасанды тыныс алдыру аппараты бар екенін хабарлады. Жақын арада тағы 4 183 жасанды тыныс алдыру аппараты сатып алынбақшы.

"3 105 аппаратты отандық тауар өндірушіден сатып аламыз. Олар шамамен 2-3 айда өндіріліп, медициналық мекемелерге жеткізіледі. Қазір тыныс алдыру аппаратын жеткізу процесі штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 21855 орын оттегімен қамтамасыз етіледі. Оның 17 762-сі – оттегі концентраторлары. Бұлардың сатып алынуына мемлекет қолдауынан бөлек, ел азаматтары мен меценаттар көмектесті", – деді министр.

Сондай-ақ, Алексей Цой Қазақстанға әкелінетін шетелдік екпелер туралы айтты:

"Қазір Қазақстан түрлі елдердің екпелерін зерттеп жатыр. Олар клиникалық сынақтың түрлі сатысынан өтуде. Ресейлік екпенің қандай екенін білеміз, ондағы әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз. Екпелердің елге нақты қашан әкелінетіні олардың сынақтың барлық кезеңінен толықтай өтіп, халықтың қолдануына жіберілгенін дәлелдейтін ресми хабарға байланысты".

Covid-19 жұқтырған 40-қа жуық әйел қайтыс болған

Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният хабарлады.

"Қазірге дейін коронавирус инфекциясынан көз жұмған сәбилер тіркелген жоқ. Ал, коронавирус пен пневмониядан 40-қа жуық әйел қайтыс болды", – деді вице-министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2 мыңға жуық баланың коронавирус жұқтырғаны анықталған. Қазір ауруханаларда 100-ден астам бала емделіп жатыр. Ал, бүгін Алексей Цой коронавирустан қайтыс болған қазақстандықтардың жалпы саны 610-ға жеткенін мәлімдеді.

Аурухана ішінде видео түсіруге бола ма?

Министр Цойдың айтуынша, медициналық мекемелерге ұялы телефон алып кіруге рұқсат етіледі. Алайда, ҚР бас санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес, аурухана ішін видеоға түсіруге болмайды.
"Видеоға түсіруге рұқсат бермеудің басты себебі – науқастардың қауіпсіздігі. Емделіп жатқан адамның рұқсатынсыз оның төсек үстінде жатқанын түсірген жағдайлар көбейіп кетті. Ал, хал үстінде адамның "мені түсірме" деп айтуға шамасы жетпеуі мүмкін. Көптеген адамдар өзінің ауруын басқалар білгенін қаламайды. Этикалық жағынан алғанда да, азаматтардың жеке шекарасын қорғау тұрғысынан да, айтылатын мәселе көп. Сондықтан, аурухана ішінде бейнетүсірілім жасауға тыйым салынады", – деді министр.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары