Тікелей эфир

Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

Фото akorda.kz сайтынан алынды
Фото akorda.kz сайтынан алынды
Мәжіліс сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді.

Мемлекет басшысы парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялап, тиісті жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы қол қойған жарлықпен парламент мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау мен орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу мерзімі нақтыланған.

"Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды", – делінген президент жарлығында.

Сонымен қатар, құжатта орталық сайлау комиссиясы мен бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізетіндігі атап көрсетілген.

Сондай-ақ, жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданатыны үш сатыда нақтыланған.

Бірінші. "Қазақстан Республикасының парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға және "Қазақстан Республикасы парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды.

Енді парламент мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады.

Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ, бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.

Сонымен қатар, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, парламент мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.

Екінші. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңда және "Саяси партиялар туралы" заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.

Үшінші. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады, деп атап көрсетілген президент жарлығында.

Бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары