Тікелей эфир

6 күн Шәууәл оразасын қалай ұстайды және оның сауабы қандай?

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Шәууәл айы 21 сәуірде басталып, мамырдың 21-інде аяқталады. 

Бүгін Шәууәл айы басталды. Оның алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесі тойланады. Ал осы айда мұсылмандарға 6 күндік Шәууәл оразасын ұстау жөн саналады.

Қаза ораза мен алты күндік оразаны қатар ұстауға бола ма? Бір жылдық ораза сауабын алу үшін не істеу қажет? Шәууәл оразасына қалай ниет етеді?

Informburo.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты жариялаған материалдарға сүйене отырып, осы және өзге сұрақтарға жауап береді. 


Оқи отырыңыз: Оразадан кейінгі ораза. Алты күндік Шәууәл оразасы туралы 11 дерек


6 күндік ораза

Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза саналады, яғни оны ұстау ешкімге міндет емес, адамның өз еркінде. Дегенмен, мұны ұстамаған жан Пайғамбар хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады. 

Шәууәл айының оразасы тек Шәууәл айында ғана ұсталады. Ораза айттың алғашқы күнінде ауыз бекітуге болмайды. Содан кейін алты күндік оразаны не қаза оразаны ұстай беруге болады. Алты күндік оразаның арасын үзбей қатарынан немесе арасын үзіп әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстауға болады.

"Рамазан оразасын ұстамай Шәууәл оразасын ұстауға болады. Алайда олар Пайғамбар сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі, Рамазан оразасы парыз саналады", – деп жазылған ҚМДБ сайтында.

Шәууәл оразасы да Рамазан оразасы секілді "таң" намазынан "шам" намазына дейін жалғасады. Күнделікті намаз кестесін негізге алынады: таң намазы кірген уақыт – ауыз бекітетін уақыт. Ақшам намазының кірген уақыты – ауыз ашатын уақыт. "Алла ризалығы үшін Шәууәл айында нәпіл оразаның бірінші күнін (екінші не үшінші күнін) ұстамаққа ниет еттім" деуге болады. Ауыз ашқанда да әдеттегідей сумен не құрмамен ашып, қазақша тілек-дұға жасауға болады. Арнайы ниет-дұға жоқ.


Оқи отырыңыз: Намаз оқымай, ораза ұстау дұрыс па? Ауыз бекіту үшін білу тиіс 20 сұраққа жауап


Рамазан мен Шәууәл оразасының айырмасы

Рамазан айында қаза болған күндер мен Шәууәл айындағы алты күндік оразаны қатар ұстауға бола ма деген сұраққа әркім әрқалай жауап береді. Дегенмен Ханафи мазһабында ораза қазасы мен Шәууәл оразасын бірге ұстауға болмайды. Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан бөлек ұсталуы керек.

"Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады. Рамазан оразасын толығымен ұстау – Алла Тағаланың бұйрығы, ал Шәууәл айында алты күн ораза тұту Пайғамбар сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзал. Себебі, адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс", – деп жазылған ҚМДБ сайтында.

Пайғамбар: "Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады" деген. Рамазан айындағы 30 күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда 36 күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, 360 күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні – ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз.


Оқи отырыңыз: Ораза жайлы мифтер. Не шындық, не жалған?


Кей ислам ғалымдары "Қаза оразаны Шәууәл айында өтейтін кісіге нәпіл ораза ұстамаған күннің өзінде қазасын аталмыш айда өтегендіктен Шәууәл айының сауабы қосымша жазылады" деген тұжырымды алға тартады. Осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Қаза оразалары алты күнге жетпейтін кісілер кем күндерін қосымша нәпіл оразамен толықтырғаны абзал.

6 күндік оразаның берекеті

Әуелі, сауап. Рамазан айы бойы ораза тұтып болған соң, тағы да алты күн аузын бекіткен жан жоғарыдағы хадистерге сәйкес, бір жылдық оразаның сауабына кенеледі.

Кемшіліктердің орынын толтыру. Шағбан мен Шәууәл айларындағы ораза сүннет намаздар секілді. Олай болса, бұл қосымша тұтқан ораза рамазан айындағы парыз оразаның кемшіліктері болса, орынын толтырады.

Рамазан айынан соң бірден ораза ұстауды қолға алу – қабыл болған оразаның нышаны.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары