Тікелей эфир

Оразадан кейінгі ораза. Алты күндік Шәууәл оразасы туралы 11 дерек

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында алты күн ораза ұстау – бір жыл ораза ұстағанмен тең.

Рамазан айы аяқталған соң Шәууәл айы басталады. Ислам дінінде Шәууәл айының 6 күндік оразасын ұстау жөн саналады.

Informburo.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми сайты мен islam.kz жариялаған материалдарға сүйене отырып, Шәууәл оразасы туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді.

№1. Шәууәл айының оразасы қашан басталады?

Шәууәл айының оразасы тек тек осы айда ғана ұсталады. Ораза айттың алғашқы күнінде ауыз бекітуге болмайды. Содан кейін алты күндік оразаны не қаза оразаны ұстай беруге болады.

№2. Ораза ұстау парыз ба?

Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза саналады. Мұны ұстау ешкімге міндет емес, адамның өз еркінде. Дегенмен мұны ұстамаған жан Пайғамбар хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.

Оқи отырыңыз: Мешітте намаз оқу, құран оқыту және неке қидыруға қандай талаптар қойылады?

№3. Сауабы қандай?

Пайғамбар: "Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады" деген. Рамазан айындағы 30 күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда 36 күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, 360 күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні – ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз.

№4. Шәууәл оразасын үзбей ұстау шарт па?

Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан немесе арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады. Кейбір Ханафи ғалымдары үзбей ұстағаннан бөліп ұстағанды артық көрген. Дегенмен алты күнді үзбей ұстаған абзал.

№5. Қаза ораза мен Шәууәл оразасын бірге ұстаса бола ма?

Ханафи ғұламасы Имам Әбу Юсуф: "Қаза ораза мен нәпіл оразаға бірдей ниет еткен жағдайда онысы Қаза ораза үшін есептелінді" деген. Ал Имам Мұхаммед "Ондайда жасаған ниеті қаза оразаға емес, нәпіл оразаға есеп" дейді.

Ханафи мазһабында оразаның қазасы мен Шәууәл оразасын бірге ұстауға болмайды. Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан бөлек ұсталуы керек.

Оқи отырыңыз: Құран оқу, пітір беру, салауат айту, отбасыға көңіл бөлу. Оразада орындайтын 10 амал

№6. Қаза оразаны бірінші ұстау керек пе, әлде Шәууәл оразасын ба?

Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады. Рамазан оразасын толығымен ұстау – Алла Тағаланың бұйрығы, ал Шәууәл айында алты күн ораза тұту Пайғамбар сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзал. Себебі, адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс.

№7. Рамазан оразасын ұстамай Шәууәл оразасын ұстауға бола ма?

Иә, болады. Алайда олар Пайғамбар сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі, Рамазан оразасы парыз саналады.

№8. Шәууәл оразасының орнына қазасын өтегендер бір жылдық сауап ала ма?

Кей ислам ғалымдары: "Қаза оразаны Шәууәл айында өтейтін кісіге нәпіл ораза ұстамаған күннің өзінде қазасын аталмыш айда өтегендіктен Шәууәл айының сауабы қосымша жазылады" деген тұжырымды алға тартады. Яғни осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ, бұл – нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Қаза оразалары алты күнге жетпейтін кісілер кем күндерін қосымша нәпіл оразамен толықтырғаны абзал.

Оқи отырыңыз: Шаш кесу, тырнақ бояу, тіс жұлдыру, екпе салдыру. Ораза ұстаушыға не рұқсат, неге тыйым салынған?

№9. Ораза ниеті қалай жасалады?

Шәууәл оразасы да Рамазан оразасы секілді "таң" намазынан "шам" намазына дейін жалғасады. Көкейде ниет болса жеткілікті. Ауызша айтамын деуші кісі былай десе болады: "Ниет еттім Алла ризалығы үшін Шәууәл айында нәпіл оразаның бірінші күнін (екінші не үшінші күнін) ұстамаққа. ХалиссаиЛләһи Тағалә". Ауыз ашқанда да әдеттегідей сумен не құрмамен ашып, қазақшалап тілек-дұға жасауға болады. Арнайы ниет-дұға жоқ.

№10. Оразаны қай кестеге қарап ұстайды?

Рамазан айынан кейін қаза ораза мен Шәууәл оразасын ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақыт – ауыз бекітетін уақыт. Ақшам намазының кірген уақыты – ауыз ашатын уақыт.

№11. Оразаны қай күндері ұстаған абзал?

Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі Пайғамбар: "Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын" деген.

Серіктестер жаңалықтары