Тікелей эфир

Нұр-Сұлтанға қаржы бөліне ме? "7-20-25" бағдарламасына қандай өзгеріс енеді?

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
26 наурызда Нұр-Сұлтанда Үкімет отырысы өтті. "Аkorda.kz" сайты өзгеруі мүмкін. "Назарбаев" көшелері де ауысады. Алдымен...

Тағайындаулар

Премьер-Министр Асқар Мамин:

– Үкімет қаулысымен Ғалымжан Телманұлы Қойшыбаев Премьер-Министр Кеңсесінің басшы болып тағайындалды, – деп хабарлады.

Ғ.Қойшыбаевтың Президент Әкімшілігінде және Сыртқы істер министрлігі жүйесінде елші, министрдің орынбасары болып көп жылдар бойы еңбек атқарғанын атап өткен Мамин оның жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы лауазымын атқарған Д.Кәлетаев ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Сосын, Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім жобасы енгізілді. Онда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов және Қаржы министрі Әлихан Смайылов сөз алып аталған жобаның мүмкіндіктерін таныстырды. Жоба қабылданды.

"7-20-25" бағдарламасына өзгеріс енеді

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Досаев мәлімдеді:

– Қазақстан Ұлттық Банкі "7-20-25" бағдарламасы бойынша бағдарламаны бұрын бекітілген талаптармен қаржыландыруын жалғастырады. Қарыз алушыларға 20%-дан астам бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін беру және бағдарламаға қатысушы банктердің санын кеңейту ұсынылады. Банктердің 600 млрд теңге көлеміндегі ұзақ мерзімді өтімділікті уақтылы игеруі экономиканың басым жобаларын кредиттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.


Үкімет пен Ұлттық банк басшылары келісімге қол қойды

Үкімет пен Ұлттық банк басшылары келісімге қол қойды / Сурет primeminister.kz сайтынан алынды


Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп зерттеу жүргізу арқылы валюта нарығын, девальвацияны, салық және бюджет мәселесін реттеуге өзара көмектеспек.

Мұнай-газ және авто құрастыру саласы

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай-газ саласына мониторинг жасап, тексеріс жасауды ұсынды. Оған мүдделі орындарды қосып арнайы комиссия құрмақ екен. Министр оған екі ай уақыт сұрады. Мамин өтінішті қабылдады.

Сонымен бірге, жиналыста Қытай компаниясының кіруіне байланысты құрастырылатын авто көлік санын өткен жылғы он бір мыңнан жиырма бес мыңға жеткізу жоспарланғаны айтылды.

"Волонтер студенттердің стипендиясы өседі!"

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев "Жастар жылы" аясындағы жұмыстарға тоқталды. Абаевтың сөзінен барлық оқу орындарындағы жастарды волонтерлік жұмыстарға тартуға бағытталған арнайы жобаның жасалғанын білдік.

– Ол үшін белсенді студенттердің стипендиясы отыз пайызға дейін өсіруді қарастырып жатырмыз, – деді. Абаев мұндай тәжірибе батыс елдерінде бар екенін айтты.

Онда волонтерлік қозғалыстар құруға, волонтерлік көмектер ұйымдастыруға аса мән берілетіні де айтылды.

Былайша айтқанда жастарды волонтерлік жұмысқа салу және жастардың қоғамдық белсенділігі арқылы да мемлекеттік жұмысқа жан бітірмек.

Жастардың "Өзін өзі табу" шарасына ауыл-аудандар да тартылады

Штатты көбейту, оқу орындарында "Өзіңді тап" шараларын өткізу, жұмыс ашуға жеңілдетілген несие беру, арнайы волонтерлік қозғалыстар ұйымдастыру – міне, Дәурен Абаевтың баяндамасының негізгі мазмұны.

Асқар Мамин мырза бұл жұмыстарға аудан және ауыл әкімдерін тартуды, министрліктермен бірлесе отырып әр жылы жастарға арналған кемінде мың пәтер беруді қарастыруды тапсырды.

Асқар Мамин "Жас кәсіпкер" жобасы шеңберінде шағын несиелер мен гранттар беру үшін 32 млрд, "Жас маман" жобасы шеңберінде сұраныстағы 100 кәсіп бойынша 200 оқу орнын (180 колледж бен 20 ЖОО) жаңғыртуға 57 млрд теңгеден астам қаражат көзделгенін айтты.

Д.Абаев: "Бүркітшілер орталығын ашамыз"


Дәурен Абаев

Дәурен Абаев / Сурет informburo.kz


Абаев жастарды шыдамдылыққа тәрбиелеу керек екенін, "Өзіңді тап" жобасы арқылы дұрыс мамандық таңдауға, кәсіпке бейімделуге мүмкіндік берілетінін айтты.

Сонымен бірге әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпанның Нұрсұлтан Назарбаевқа айтқан ұсынысы негізінде "Бүркітшілер орталығын" құру арқылы этнотуризмді дамытуға ықпал жасайтынын да баяндамада көрсетті.

Гүлшара Әбдіхалықова: "Жастар практикасын" жалғастыруды ұсынды

Отырыста сөз алған вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова да "жастар практикасын", каникул кезінде студенттерді жұмыспен қамту мәслесін қарастыруды тапсырды.

Сонымен бірге, жастарды кәсіпке баулуды, жеңілдетілген несие беру арқылы шабыттандыру жағын дамытуды тапсырды.

Нұр-Сұлтан деп өзгертуге байланысты қосымша қаржы бөліне ме?

Үкімет отырысынан кейін баспасөз мәслихаты болды.

– Астана атауының Нұр-Сұлтанға өзгеруіне байланысты қосымша қаражат қарастырылмайды. Мысалы,Нұр-Сұлтан қаласының әкімімен сөйлестім.

Жол, көше белгілерін және бланктерді өзгерту жергілікті бюджеттің жыл сайынғы қаражатынан қарастырылады. Бұған республикадан 40 млн теңге бөлінген, – деді Әлихан Смайылов.

Тағы да үш қаланың аты өзгере ме?

Бұл туралы "Ақжол" партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса әлеуметтік желіде жеке өз пікірін білдіріп: "Елбасыға елорданың атын берумен бірге Петропавлға Абылай xанның, Павлодарға Кенесарының, Семейге Әлиxанның атын беру керек" деген болатын.

Бұған байланысты вице-премьер Ә.Смайылов: "Бұл қалалардың аты өзгертілмейді" деп жауап берді.

"Назарбаев көшелері тағы өзгеруі мүмкін"

Абаев:

– Нұр-Сұлтан қаласы – астана ретінде қалды. Сондықтан Астана арнасы өзгермейді. "Nur-Sultan" деген сөздің жазылуына келсек, оны ономастикалық комиссия солай шешкен болуы керек, – деді.

Абаев кей облыстардағы "Тәуелсіздік", "Абылай-хан" қатарлы көшелердің "Назарбаев" болып өзгеруіне байланысты да пікір білдірді. Бұл мәселені ономастикалық комиссия бекітіп, жергілікті мәслихат шешім шығаратынын айтқан министр қазір бірнеше облыстарда көшелердің аты қайта қарастырылып жатқанын, алда бірнеше облыста Назарбаев аты берілген көшелер қайта өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

Абаев "akorda.kz" сайты туралы сұраққа да жауап берді

Журналистер оның Президент сайты екенін, алайда Тұңғыш Президенттің жеке әкімшілігіне қатысты ақпараттардың да сонда шығып жатқанын айтып, түсініктеме беруді сұрады.

Абаев:

– Бұл – техникалық жұмыс, – деді.


akorda.kz сайтындағы Тұңғыш Президентке қатысты жаңалықтар

Сайтта Президент пен Тұңғыш Президентке қатысты жаңалықтар қатар жарияланып жатыр/ akorda.kz сайтынан қиып алынды


Журналистерге кедергі жасағандардың ісі заңмен шешілуі тиіс

22 наурыз күні Шапағат базарында Азаттық радиосы журналисі камерасының бетін жабуға талпынған жастар туралы бейнекөрініс әлеуметтік желіде тараған болатын.

Абаев:

– Мен бұл туралы естідім, шуылдап жатыр деп айтпау керек. Олардың істері заңсыз деп есептелсе, арнайы органдарға арыз жазу керек. Бұл мәселені заңмен шешу керек, – дейді.

Наурыз мерекесі кезіндегі тағайындаулар

22 наурыз

  1. Тимур Мұратұлы Сүлейменов – ҚР Президентінің көмекшісі;
  2. Берік Уәлиұлы Құрманғали – ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды.

24 наурыз

  1. Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев – ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы;
  2. Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин – ҚР Мемлекеттік хатшысы;
  3. Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуов – ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.
25 наурыз

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Шешімімен Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тағайындалды.

  1. Айдос Ыдырысұлы Үкібай – Елбасының баспасөз хатшысы;
  2. Арслан Момышұлы Дандыбаев – Елбасы Протоколының басшысы;
  3. Нұрлан Мұхтарбекұлы Ыбыраим – Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі;
  4. Нұрлан Жамбылханұлы Қаймолдаев – Құжаттама, қаржы және кадрмен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі;
  5. Асқар Мәуленұлы Молдағаринов – Елбасы кеңсесі басшысы хатшылығының меңгерушісі;
  6. Елдар Серікұлы Томашов – Елбасы көмекшісі Хатшылығының меңгерушісі;
  7. Әсет Өрентайұлы Исекешев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры болып тағайындалды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары