Тікелей эфир

Жамбыл облысында 108 гектар аумаққа егілген мыңдаған тал қурап қалған

Биыл тағы 32 гектарға 42 мыңға жуық жас дарақ егілген.

Қазір алқаптағы ағаштар әппақ күл мен зауыттардан шыққан зиянды қалдықтарға көміліп жатыр. Бір жыл бұрын ғана облыс орталығының айналасын көгалдандыру үшін қолға алынған «Жасыл белдеу» жобасы осылайша аяқсыз қалды. Табиғат жанашырлары шенеуніктер жылда мыңдаған ағаш егіп, қыруар қаржыны тиімсіз жұмсауды әдетке айналдырған, дейді. Айтуларынша, оны күтіп-баптап отырған жан баласы жоқ. Ал әкімдік өкілдері қураған талдың орнына келер жылы жас теректерді қайта егеміз деп ақталды. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады. 

Бірнеше жыл бұрын шенеуніктер мен қала шетіндегі зауыт әкімшіліктерімен бірігіп «Жасыл белдеу» жобасы аясында 108 гектар алқапқа мыңдаған тал-дарақ еккен. Әу баста бұл бастама арқылы облыс орталығын жасыл желекке айналдыру көзделіпті. Бірақ жоба аяқсыз қалып отыр. Себебі жүз гектар аумақты алып жатқан тоғай толық қурап, іші қоқысқа толып кеткен. Қазір егілген қалың қараталды маңайдағы зауыттардан шыққан әппақ күл басқан. 

Желіде тараған бұл жазба қызу талқыланып жатыр. Мәселен, табиғат жанашыры Рауф Сәбитов роликті көргенде ашуландым, дейді. Өйткені жылда жас дарақ отырғызуға қыруар қаржы бөлетін шенеуніктер Жамбылды жасыл желекке айналдырудың орнына, бар ағашты өсіре алмай отыр деп қынжылады. 

"Ағаштардың не себепті қурап қалғанын зерттеп, зерделеп жатқан ешкім жоқ, Сараптама да жасалмайды. Түрлі жоба аясында мыңдаған түп тал егеді, олар жыл өтпей қурап қалады. Бітті. Шенеуніктер ағаш отырғызуға келгенде ақшаны желге шашумен айналысып жүр. Ағаштардың соншалық қурап кеткенін көріп, шошыдым", – деді табиғат жанашыры Рауф Сәбитов. 

Қалалық әкімдік өкілдері қурап қалған ағаштарды ерте көктемде еккендерін айтты. Сөздерінше, биыл тағы 32 гектарға 42 мыңға жуық жас дарақ егіліпті. Ол үшін бюджеттен 12 миллион, оны күтіп-баптауға 10 миллион теңге бөлінген.

"Біз оны күтіп-баптап, ұстаймыз. (- Неге енді қазір, күтіп бапталмаған, қурап қалған?). Енді ол жерде вегитациялық кезең ғой. Өзінің әр уақытысында еккенде шықпай қалған талдар бар. Біз мысалы күзде және көктем уақытында яғни, уақыты келген кезде қурап кеткен жерлерде қайтып егетін боламыз", – деді Тараз қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы. 

Талдары қураған тоғайдың бір бөлігі металлургия зауытына қарайды. Кәсіпорын экологы, ағаштардың өспей қалуын көрші тұрған гипс зауыттарынан шығатын зиянды қалдықтармен байланыстырып отыр. Әрі қазір тал-дарақты суарып тұру да қиын, дейді. Себебі бұрынғыдай арық толы су жоқ. Ал ауыз сумен суғаруға тыйым салынған. 

Еске салсақ, ішінен құрт шыққан 21,9 тонна құрманың Өзбекстан мен Қырғызстанға қайтарылғаны туралы хабарлаған едік. Жыл басынан бері 5,3 мың бұзушылық анықталып, нәтижесінде 393 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары