1 тамызыдан бастап Алматыдағы "Ақжар" шағын ауданына жаңа су құбыры тартылып, ауыз су беріледі.
"31 шілдеде жалпы ұзындығы 3,4 км жаңа құбырды сығымдауды аяқтау жоспарланған, бұл сәтті болған жағдайда Наурызбай ауданы "Ақжар" шағын ауданындағы жаңа су құбыры тармағы мен сорғы станциясы жұмыс істейді. Осы шағын ауданда тұратын 22 мыңнан астам тұрғын жер асты көздерінен үздіксіз сумен жабдықтауға қол жеткізе алады", – делінген Алматы қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Диаметрі 400 мм су құбыры "Ақжар" шағын ауданында магистральдық су құбыры және кәріз желілерін салу бағдарламасы аясында салынды. Жобада барлығы 28,8 км инженерлік желі салу көзделген, қазір жұмыс аяқталып келеді.
Оқи отырыңыз: 2025 жылға дейін еліміздегі барлық қала мен елдімекен ауыз сумен қамтылады
Бұған қоса, қала билігі Наурызбай ауданының инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс істейді. Мәселен, бүгінде 130 км су құбыры және 65 км кәріз желісі салынды. Биыл Қарғалы өзенінде жаңа сүзгі станциясының құрылысы бітеді. 2025 жылға дейін Ақсай өзенінде осындай сүзгі станция құрылысын аяқтау көзделген. Бұл іс-шаралар Наурызбай ауданының 150 мың тұрғынын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұрын хабарланғандай, мұздықтардың қатты еруінен пайда болған тау өзендеріндегі сел ағындары Алматының Наурызбай ауданындағы су жинауды шектеді.