Шымкент қаласында құтқарушылар тереңдігі шамамен 12 метр болатын құдыққа құлап кеткен баланы аман алып қалды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдай жеке тұрғын үй аумағында болған. Оқиға куәгерлерінің мәліметінше, 2012 жылы туған бала абайсызда ішінде суы жоқ терең құдыққа құлап кеткен. Шақырту бойынша оқиға орнына жедел жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары арнайы құтқару жабдықтарының көмегімен шұғыл операция жүргізді. Кәсіби және үйлесімді іс-әрекеттің нәтижесінде жасөспірім құдықтан аман-есен шығарылып, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
"Осы оқиғаға байланысты ТЖМ еліміздің барша ата-анасын балаларды қараусыз қалдырмауға және олардың қауіпсіздігіне барынша ерекше көңіл бөлуге шақырады", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ведомство өкілдері тұрғындарға ашық құдықтар, кәріз люктері және басқа да қауіпті нысандардың маңында барынша сақ әрі мұқият болу қажеттігін кезекті рет еске салды.
Оқи отырыңыз: Қызылордада бірнеше күн бұрын жоғалған 6 жасар қыз өлі күйінде табылды