"Самұрық-Қазынада" 10 шетелдік басшының орнын отандық мамандар басты

Бір жылда директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамындағы шетелдіктердің саны 40 пайызға қысқарды.

"Самұрық-Қазына" қорында топ-менеджерлердің саны 2 есе қысқарып, 5 басқарушы директордың үшеуі ауысты. Бір жылдың ішінде 12 ірі өндірістік компанияның 8-іне жаңа басшы тағайындалған. Олар – "ҚазМұнайГаз", QazaqGaz, "Қазатомөнеркәсіп", "Самұрық-Энерго", "Қазпошта", Qazaq Air, "Тау-Кен Самұрық", "Самұрық-Қазына Өндеу" компаниялары.

Сондай-ақ, бір жыл ішінде "Самұрық-Қазына" тобындағы компаниялардағы 10 шетелдік басшының орнын қазақстандық мамандар басты. Директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамындағы шетелдіктердің саны да азайып, 23-тен 14 адамға, яғни 40%-ға қысқарған. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" алаңында қордың қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынасы және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов баспасөз мәслихатында хабарлады.

"Самұрық-Қазына" қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов

Оқи отырыңыз: "Хабар" арнасы "Самұрық-Қазына" қорының қаражатын отандық телехикаялар түсіруге жұмсамақ


Оның айтуынша, қазақстандық кадрды басшылық қызметке жоғарылату – мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан "Самұрық-Қазына" қорының мақсатты саясаты. Қор Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерін басқарушы қызметке белсенді түрде тартады. Қазіргі таңда қордағы 5 басқарушы директордың үшеуі – резерв мүшелері.

"Бірқатар болашақ басшы жұмысқа тағайындалмас бұрын психологиялық тексерулер мен шындық не жалғанды анықтайтын детектордан өтті. Мұндай тексерістен міндетіне сатып алу жұмыстары кіретін "Самұрық-Қазына" қоры тобының менеджерлеріне үміткерлер өтеді. Бір жыл ішінде "Самұрық-Қазына" тобындағы 52 компанияға жұмысқа тұруға өтініш білдірген 133 үміткер жалған детекторы арқылы сынақтан өтті. 27 адам сынақтан өте алмай, жұмысқа қабылданбады", – деді Ғибрат Ауғанов.

Ол, сондай-ақ 2022 жылы Samruk Qyzmet бірыңғай рекрутинг порталы толыққанды жұмысын бастағанын еске салды. Бір жыл ішінде портал арқылы өтініш бергендердің саны 60%-ға өсіп, 134 мыңға жетті, 7300 қазақстандық жұмысқа тұрған.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Бөлісу:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары