Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" басылымына берген сұхбатында 2024 жылғы желтоқсанда Ақтау маңында болған ұшақ апатын да тілге тиек етті.
"Желтоқсанның соңғы күндері Ақтау қаласында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 38 адам қаза болды, оның ішінде еліміздің 6 азаматы бар. Ауыр жарақат алғандар да көп. Мұндай сәтте әрбір секунд қымбат. Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық – Тоқаев
Президент ұшақ апатының себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын атап өтті. Оған қоса, 17 халықаралық сарапшы шақырылған. Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының және Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары бар.
"Үкімет комиссиясы мәліметтің бәрі жазылған арнайы құрылғыны сол ұшақты жасаған Бразилия еліне жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам тергеу жұмыстарының объективті әрі бейтарап жүргізілуіне қажетті бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін", – деді президент.