Тікелей эфир

Мәжіліс депутаты: Сот органдары жабық мекемеге айналып кеткен

Депутаттың айтуынша, әділдік іздеп Астанаға келген азаматтарды жоғары соттың аппарат қызметкерлері ғана қабылдайды.

Депутат Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында әділдік іздеп Жоғары сотқа келген азаматтарды судьялардың қабылдауын талап етті. Айтуынша, Қазақстанның түкпір-түкпірінен әділдік іздеп Астанаға келген азаматтарды  жоғары соттың аппарат қызметкерлері ғана қабылдайды.

"Адамдар Қазақстанның түкпір-түкпірінен әділдік іздеп Астанаға келіп жатады. Үкімет ғимаратының айналасында пикет ұйымдастырады. Жоғары соттың соттарымен кездесуді талап етіп, бірнеше рет парламентке келді. Бір қызығы, президент әкімшілігі, парламент депутаттары, ҰҚК, бас прокуратура, үкімет мүшелері – барлығы оларды қабылдайды, ал Жоғары сотқа келген кезде оларды ешкім қабылдамайды. Жоғары соттың тек аппарат қызметкерлері шығып, кездесу өткізеді", – деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат бұған судьялардың азаматтармен сот процесінен тыс байланысқа түспеуі туралы шектеу әсер етіп отырғанын айтты.

"Соттар өздері 2016 жылғы съездерінде кодекс қабылдап, процесуалдық емес байланысқа түспеу керек деп, өздерін шектеп тастаған. Әдейі. Сот жүйесі жабық мекемеге айналып кеткен. Президент үкімет ашық болуы керек екенін, барлық биліктің халықпен жұмыс жасау керек екенін айтып жатыр. Ал сіздерден біз оны көріп отырған жоқпыз. Сондықтан не біз жергілікті жерде бәрін реттеуіміз керек. Сіздер осы жерге келген адамдармен дұрыстап кездесулеріңіз керек. Аппарат қызметкерлері емес, соттардың өздері. Алқабилер болып кездесесіздер ме, басқаша ма, бұл мәселені шешіңіздер", – деді Еділ Жаңбыршин.


Оқи отырыңыз: Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот үкімі шықты


Депутат сауалына жауап берген Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов мәселе тек заң аясында ғана шешілетінін айтты. 

"Заңға сәйкес, соттар қатысушылармен тек процессуалдық жағдайда кездесуі керек. Сол себептен істерді қабылдауға тыйым салынған. Оның екі тарапы бар: сот бір тарапты қабылдаса, екінші тарап разы болмайды. Біз құқықтық мемлекетпіз. Сондықтан бәріміз заң жүзінде жұмыс істеуіміз керек", – деді сот алқасының төрағасы.

Серіктестер жаңалықтары