Тікелей эфир

Ереже бұзған электросамокат жүргізушісі қанша айыппұл төлейді?

Электросамокат жүргізушісі ереже бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша, 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады. Сенатор Евгений Больгерт құжатты таныстырды. 

Бұл заңның мақсаты – қолданыстағы құқықтық олқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, электросамокаттарын пайдалану мәселелерін заңнама арқылы реттеу. 

"Заңға "электрондық самокат" ұғымы енгізіледі. Ол ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін орындар айқындалады. Оларды жүргізушісіне тыйымдар белгіленеді. Электросамокаттардың жүргізушісі велосипед жолымен жүреді. Ол болмаса, заң арқылы енгізілген шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электросамокаттардың жүруіне жол беріледі", – деді сенатор. 

Электросамокатты мынадай азаматтар жүргізе алады:

  • 18 жасқа толған;
  • кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігінің болуы;
  • түймеленген дулығасы бар;
  • ал қараңғы кезде жарық шағылыстыратын заты бар.

Электросамокатпен тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына алты шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге болады. 

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев лектросамокат жүргізушісі ереже бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты. 

"Енді электрсамокат жүргізушілері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабы, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Оған қоса жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін 620-бап бойынша да 5 АЕК айыппұл төлейді", – деді әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев. 

Серіктестер жаңалықтары