Тікелей эфир

"16 жастан бастап рұқсат". Электр самокат тепкенде нені ескерген жөн?

Жаңа стандарт бойынша, электр самокат жылдамдығын сағатына 25 шақырымнан асыруға болмайды.

Алматы мен елордада электр самокат тізгіндегендер жетерлік. Бұл көліктің пайдасы көп, әсіресе, кептелісте тұрмай діттеген жерге кез келген жолмен жүруге болады. Экологиялық жағынан таза көлікті тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі қажет емес. Дегенмен электр самокат жүргізушілердің қатысуымен болатын жол апаттары көбейді. Сол себепті елімізде енді ғана электр самокатына қатысты жол ережелері айқындалып, заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Қалада самокатпен қауіпсіз жүру үшін нені ескерген жөн? Қауіпсіздік ережелері қандай? Informburo.kz осы және өзге сұрақтарға жауап береді. 

16 жастан асқандар ғана электр самокат тебе алады

Қазақстанда электр самокаттарды пайдалану стандарты қабылданды. Жаңа стандарт бойынша электрсамокатқа екі не үш доңғалағы бар, отырғышы жоқ, жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын, жеке-дара қозғалысқа арналған электрлі көлік құралдары жатады. Самокаттың декасы, рөлі, алды-артында шамы, дабыл қаққышы, тежегіші болуы керек. Ереже бойынша электр самокаттарға қосымша адам отырғызуға, жүк тасымалдауға және тіркеме ілуге тыйым салынады. Жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын самокат тізгіндеу үшін A1 санатындағы жүргізуші куәлігі қажет.  Жолда, жүріс бөлігінде, велосипед немесе қоғамдық көлік, жаяу жүргіншілер жолағында электр самокат мінетін жүргізушінің жасы 16 жастан кем болмауы керек. 

Алматы әкімдігі қала тұрғындарының шағымына байланысты электр самокат пайдалану талаптарын реттеп жатыр. Оқудан өткен жалдамалы самокат тебушілер жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан асырмауы керек. Самокат тебуді енді үйреніп жүргендерге сағатына 20 км/сағ жылдамдықта жүре алады. Электр самокаттарды тек 16 жастан асқан адамдарға ғана жалға беріледі. Операторлар электр самокаттардың метро кіреберістерінің, қоғамдық ғимараттардың жанында, газондарда, қозғалыс және жаяу жүргіншілер бөліктерінде тікелей жақын болмауын қадағалайды.


Оқи отырыңыз: Самокатпен сапар миллион теңгеге дейін сақтандырылады. Бұл транспорт иелері қандай ережелерді білуі керек?


Сондай-ақ, қала көшелерінде электр самокаттарға арнайы тұрақтары жасалып жатыр. Бірінші кезеңде Достық, Абай, Назарбаев даңғылдары, Гоголь көшесінің бойына белгілер қойылады. Жыл соңына дейін қала бойынша 500 тұрақ жасалады. Арнайы белгілер тұрғындарға жалдамалы самокаттарды жаяу жүргіншілер мен көліктерге кедергі келтірмейтін орындарға қалдыруға мүмкіндік береді. 

Электр самокат тізгіндеушілер жіберетін қателіктер

Бірінші ереже – самокатқа екі адам мінуге болмайды. Таныстарыңыз осылай тепсе дереу мұның дұрыс емес екенін түсіндіріңіз. Самокат велосипед секілді белгілі бір ауырлық ортасына есептелген. Екі адам болса ондай екі ауырлық ортасы бар деген сөз, егер екінші адам бала болса онда ол құлап қалуы мүмкін. Сол себепті электр самокатқа бір адам ғана мінген дұрыс.

Фото: Informburo.kz

 

Екінші ереже – жолды самокаттан түсіп кесіп өту керек. Адамдар жиі жіберетін қателік те осы. Бағдаршамнан өткенде самокаттан түсіп, жолды жаяу кесіп өту керек. Жаяу жүргіншілерге арналған жолда самокатты қолға ұстау керек. Бұл адамның өмірі мен денсаулығы үшін аса маңызды. Электр самокатпен зулап өтем деп қарсы келе жатқан адамды қағып кетуіңіз мүмкін. Ал көлік сізді байқамай соғуы мүмкін.


Оқи отырыңыз: "Күн сайын 10 адам қаза табады". Жол апатының негізгі себептері қандай?


Тағы бір қателік – тежегішті ұмытып, газды ғана басып жүру. Газбен ғана жүрсе тепе-теңдік ұстау қиындайды. Электр самокат тебуді енді үйреніп жүргендер жол ережелерін білуі керек. Самокатты жолдың ортасына шығып айдайтындар бар. Көлік жүргізушілеріне бұл кедергі келтіреді. Самокатты велосипед жолында тебу керек. Ондай арнайы жол болмаса, онда тротуармен жүрген жөн. Көлік жүретін жолдың шетімен жүру – ең соңғы шешім.

Электр самокат тепкенде келесі ережелерді есте ұстаңыз:

  • Жолды тек жаяу кесіп өту. Самокатты қолыңызға алыңыз, сізді байқаған көлік жүргізуші тоқтайды
  • Балалар тек механикалық самокат тебуі керек. Олар үшін электросамокат тым үлкен болғандықтан басқару ыңғайсыз. 
  • Бір самокат – бір адам. Басқа адамды мінгестірудің қажеті жоқ. Екі адам тепкенде оны басқару қиындайды. Құлап қалу, көлікке не ғимаратқа, ағашқа соғу қаупі бар.
  • Жаяу жүргіншілер жолында алдыңыздан шыққан адамға жол беріңіз. Сигнал беріп асықтырудың қажеті жоқ.
  • Жылдамдықты қадағалау. Қатты жылдамдықта айдағыңыз келсе веложолақпен жүріңіз. Тротуарда жаяу жүргінші жолындағы жылдамдықты сақтаңыз. Көлік жүретін жолда абай болыңыз,
  • Масаң күйде айдамау. Бұл самокатқа ғана емес, кез келген көлік, қозғалыс құралдарына қатысты. 
  • Самокатты тұраққа дұрыс қою. Адамдар жүретін жолға қойып кетпеңіз. Тұрғындарға кедергі келтірмес үшін жолдың жиегіне қалдырыңыз.  

Оқи отырыңыз: "Бұрын мұндай норма болмаған". Жолда жүру ережелеріне қандай өзгерістер енгізіледі?


Самокат сатып аларда көлікке берілетін паспорттың ішінде аккумулятор көлемі, самокатқа түсетін максималды салмақ, жас ерекшелігі, адамның бойы, рөлді қалай ұстау қажет екені жөнінде ақпарат болуы керек. 

Фото: Informburo.kz

Электр самокат тебуді қайдан үйренуге болады?

19 тамызда Алматыда электр самокатты қауіпсіз және дұрыс жүргізуді үйрететін мектеп ашылды. Бұл – Қазақстандағы алғашқы мектеп. Жобаны қала әкімдігі жергілікті шеринг компаниялармен бірлесе жүргізеді. Мұндай мектептер электр самокат тебу маусымы біткенше қаланың бірнеше жерінде жұмыс істейді. 

Алғашқы мектеп "Атакенттің" бас кіреберісінде ашылды. Сабақтар аптасына бір рет өтеді. Мұндай мектептер барлық қалада пайда болмақ және электр самокатты жалға беретін компаниялар ақысыз түрде өткізеді. 26 тамызда елордада ашылады. 

Әр адамның жанында жеке инструктор жүреді. Ол самокат тебу ережелерін түсіндіреді. Содан кейін электр самокатқа мініп, практикадан өтеді. Үйренуші кедергіден өту, ирелеңдеп жүру, кілт тоқтау секілді сынақ тапсырады. Оқу аяқталған соң тест тапсыра алады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары