Түркістан облысының Еңбекші ауылындағы жазғы лагерьге барған жасөспірімдерді ата-аналары жаппай үйлеріне қайтарып алып жатыр. Себебі, демалысқа жіберілген бір топ бала жақындарына "бізге ашыған тамақ береді" деп шағымданған, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ата-аналардың айтуынша, қалған тамақтан бөлек, тәрбиешілер де жеткіншектерге қоқан-лоққы көрсеткен. Араға үш күн салып соңынан келген ата-аналарына бірі ашыған сүт береді деп шағымданса, енді бірі қатқан нан жегізді деп жылаған. Тағы бірінің беті көгеріп, өздерін алып кетуді өтінген.
"Барсам, "қызым да, балам да қайтамын,мама, қорқамын" деп айтты. Үшінші класс оқитын қызым тіпті қорқақ болып қалған. Қазірдің өзінде жасқаншақ. Мұғалімдер қорқытады екен. Қазір баламды суретке түсіріп, видеоға түсіріп оны травмировать еткім келіп жатқан жоқ. Олар уже болды. Ұмытып жатырмыз. Лагерьге баламды қорлау үшін жіберген жоқпын", – деді ата-ана Айсұлу Өмірзақова.
Әлеуметтік желіде тараған топ-топ баланың бұл көз жасы көпшілікті бей-жай қалдырған жоқ. Жұрт назарын аударған бейнежазбадан соң облыстың адами әлеуетті дамыту басқармасы тексеріс жасаған.
"Ас мәселесі бойынша да барып қарадық. Лагерьде бес мезгіл тамақ береді екен. Сол бес мезгіл тамаққа балалардың бәрі ешқандай уәж жоқ екен. Кешегі ата-аналардың балаларды ұрып-соғады деген уәждері дәлелденбеді", – деді Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Клара Оспанова.
Айта кетейік, Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы лагерьге аз қамтылған отбасынан шыққан 600 бала тоғыз күнге келген. Екі күн бұрынғы шудан соң олардың жиырмасы үйіне қайтты. Көңілі толмаған ата-аналардың айтуынша, үйге келген балалардың іш ауруы әлі жазылмаған.