Тікелей эфир

8,5 млн теңгеге бағаланған бренд сөмке аукционда иесін таппады

Алаяқтықпен істі болған вице-министрден тәркіленген бренд сөмке екінші аукционда да сатылмаса, бағасы төмендетіледі.

Бұрынғы спорт және мәдениет вице-министрі Сәкен Мұсайбековтен тәркіленген қымбат сөмке сатылып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Экс-шенеунікті тінту кезінде табылған "Эрмес" брендінің әйелдерге арналған сөмкесі 8,5 миллион теңгеге бағаланып, электронды аукционға қойылған. Бірақ бағалы сөмке тым қымбат болғандықтан ба, әйтеуір ешкім аукционға қатыспапты. Сондықтан бренд өнім сатылымнан алынды.

Сәкен Мұсайбековке былтыр үкім шыққан. Оның қымбат сөмкесін шетелге ұшайын деп бара жатқан жерінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тәркілеген болатын.

"Бұл сөмке бізге сыйлық ретінде өткізілмеген. Ол тәркіленген сөмке. Егер сатылған жағдайда сатылымнан түскен ақшасы республикалық бюджетке өткізіледі. Сөмке әзірге қоймаға қайта қойылды. 15 күннен кейін тағы сатылымға шығарылады. Егер ол кезде де өтпесе, бағасы елу пайызға дейін төмендетіледі", – деді Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мүліктермен жұмыс жасау бойынша бөлім басшысы Венера Жқмықова.

Қазір елордалық қоймада бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерден тәркіленген екі автокөлік пен 22 мың бөтелке алкогольді ішімдік, ойын автоматтары тұр екен. Ал жыл басынан 1,5 миллионға бағаланған 43 сыйлықты шенеуніктер өздері тапсырған. Оның ішінде бір қорап шайдан бастап, қымбат кәдесый, картина және ыдыстар да бар.

Серіктестер жаңалықтары