Алматы облысының прокуратурасы Еңбекшіқазақ ауданындағы "Мейірімді періште" жеке меншік гимназиясының мұғалімдерінің еңбек құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды Алматы облысының прокуратурасы.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, мектеп басшылығы банкроттық сатысында болғандықтан, мұғалімдерге алты айдан астам уақыт жалақы төлемеген.
"56 мұғалімге қарыздың жалпы сомасы 40 миллион теңгені құрады. Атқарушылық өндірістер жүргізілгеніне қарамастан, қызметкерлер алдындағы міндеттемелер орындалмаған", – делінген хабарламада.
Прокуратураның араласуының нәтижесінде борышкердің жылжымайтын мүліктері анықталып, сатылымға шығарылды. Түскен қаражат қарыздарды өтеуге бағытталып, педагогтардың еңбек құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.
"Прокуратура азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастырып жатыр", – делінген хабарламада.