Тәуелділік – тек физиологиялық емес, ең алдымен терең психологиялық мәселе. Адамның тыйым салынған заттарға не себепті жүгінетіні, бастапқы белгілерді қалай аңғаруға болатыны және жақындары қандай қателіктерге жол бермеуі керектігі туралы қырғызстандық психоаналитик Гульнара Малабаевамен сұқбаттастық.
– Адамды тыйым салынған заттарға алғаш рет не итермелейді?
– Алғаш қолданудың астарында қарапайым қызығушылық, ортаның ықпалы немесе белгілі бір топқа қосылу ниеті тұруы ықтимал. Алайда мәселеге тереңірек үңілсек, есірткі адамның өмірінде көбіне ішкі күйзелістерді еңсеру тәсілі ретінде пайда болады.
Әр адамда белгілі бір деңгейде психикалық "ауру" болады. Ол үрей, кінә, ұят, жалғыздық, агрессия немесе ішкі қайшылықтар түрінде көрініс табады. Егер адамда осы сезімдерді қорыту және фрустрацияға төтеп беру тетіктері жеткілікті қалыптаспаса, ол өз жай-күйін тез өзгертудің жолын іздейді. Мұндайда психоактивті зат психиканың өзіндік "реттеушісіне" айналады: ол сезінбеуге, ойламауға, шынайы өмірмен және ішкі жан дүниесінде болып жатқан жайттармен бетпе-бет келмеуге мүмкіндік береді.
– Тәуелділіктің алғашқы белгілері қандай?
– Сыртқы мінез-құлыққа ғана емес, ішкі өзгерістерге де назар аудару қажет. Адам тез ашуланшақ, үрейшіл, тұйық бола бастайды және эмоционалдық тұрақсыздық байқалады – көңіл-күйі күрт құбылады. Сондай-ақ бұрынғы сүйікті істеріне қызығушылығы жоғалып, жақындарынан алшақтай түседі. Тағы бір маңызды жайт – адамның фрустрацияға төзімділігі өзгереді. Ол жайсыздықтан лезде арылудың жолын іздейді.
– Неліктен адамдар "қалаған сәтте тоқтай аламын" деп ойлайды?
– Тәуелділікке шалдыққан адамдардың өзін бақылай алатынына шын жүректен сенуі – жиі кездесетін құбылыс. Бірақ басты мәселе мынада: олар есірткінің өзін де, оның психика үшін атқаратын функциясын да жете бағаламайды.
Мәселен, кейбір адамдарда өзін-өзі қатаң сынайтын "ішкі сыншы" (супер-эго) өте күшті болады. Ондай адам үнемі кінә мен ұят сезімін бастан кешіріп, өзін дәрменсіз немесе жолы болмаған жан ретінде сезінеді, өзіне тым жоғары талаптар қояды. Есірткі осы ішкі сыншыны уақытша болса да "өшірудің" құралына айналады. Немесе керісінше: адам бойындағы үрей мен агрессияны баса алмай қиналады, ал психоактивті зат мұны тез басады. Осылайша "төзгісіз сезім – қолдану – жеңілдеу" деген тұрақты байланыс қалыптасады.
Оқи отырыңыз: "Суицид – әлсіздік емес, белгі": Психоаналитик балалар суицидін алдын алу жолдары туралы әңгімеледі
Сондықтан адам "қалаған сәтте тоқтай аламын" деп өзін жұбатқанымен, шын мәнінде ол заттан жай ғана ләззат алып қоймай, оған психикалық күйін реттейтін негізгі құрал ретінде мұқтаж бола бастайды. Тәуелділік тек физиологиялық қажеттілік ретінде ғана емес, психикалық реттеудің белгілі бір тәсілінің бекітілуі ретінде дамиды. Бұған қоса, нейробиологиялық механизмдер де бақылауды біртіндеп әлсіретеді. Нәтижесінде адам не айтса да, өздігінен тоқтай алмайтын күйге жетеді.
– Жастар арасында ортаның ықпалы қаншалықты зор?
– Әсіресе жасөспірімдік кезең – адамның тұлға ретінде енді қалыптасып, өз болмысын іздейтін уақыты. Бұл шақта оған ортасына сіңісу, белгілі бір топқа тиесілі болу және өзін "өз адамы" ретінде сезіну аса маңызды. Егер жасөспірім есірткі қолданатын топқа тап болса, тыйым салынған зат сол ортаға кірудің өзіндік "рұқсатнамасына" айналуы мүмкін.
Дегенмен отбасындағы ахуалға да мән беру қажет. Егер бала өз сезімі еленбейтін, тыйым мен ұят, ата-ана тарапынан сын көп ортада өссе немесе керісінше, ешқандай шекара жоқ, бәріне рұқсат етілген отбасында тәрбиеленсе, оның бойында "ішкі тірек" қалыптасуы қиын. Мұндай жағдайда бала өз-өзіне сүйене алмай, сыртқы тіректерге – есірткіге немесе соны қолданатын достарына тәуелді болып өседі. Әрине, бұл қиын отбасынан шыққан балалардың бәрі тәуелділікке ұрынады деген сөз емес.
– Күдік туған кезде ата-ана не істеуі керек?
– Бұл өте күрделі мәселе, өйткені баласының мұндай үлкен қиындыққа тап болғанын көрген ата-аналардың бойын үрей мен ашу билейді. Олар баланы тезірек құтқарып, тоқтатқысы келеді. Бірақ ең бастысы – баламен қарым-қатынасты тергеу мен жауап алуға айналдырмау керек. Ата-ана айқайлап, кінәлап, ұялтып немесе қорқыта бастағанда, бала одан сайын қарсыласып, тұйықталып қалады.
Мен бақылау позициясынан емес, қамқорлық пен алаңдаушылық позициясынан сөйлеуге кеңес берер едім: "Саған бірдеңе болып жүргенін байқап жүрмін, мен сені кінәлағым келмейді, тек нені бастан өткеріп жатқаныңды түсініп, қалай көмектесе алатынымды білгім келеді" деген сияқты сауалдар қою маңызды.
Оқи отырыңыз: "Ішімдік – еркіндіктің емес, аурудың бастауы". Психолог тәуелділіктің жасырын себептері туралы
Сонымен қатар түсіністік таныту бәріне көз жұму дегенді білдірмейді. Ата-ана нақты шекараларды белгілеп, есірткі қолданудың салдарын жасырмауы және кәсіби көмекке жүгінуі тиіс. Өз балаңызға өзіңіз психотерапевт немесе нарколог болуға тырыспаңыз. Ең бастысы – сенімді қарым-қатынасты сақтап, тәуелділікті емдейтін маманды дер кезінде тарту.
– Тәуелділікке қатысты қандай қате түсініктер кең тараған?
– Ең көп тараған қате түсінік – тәуелділікті тек "мінездің әлсіздігі" немесе "ерік-жігердің жоқтығы" деп қабылдау. Психоаналитикалық тұрғыдан алғанда, бұл симптом адам өмірінде қандай қызмет атқарып тұр, ол неден қорғануға көмектеседі және қандай ішкі ширығуды басады деген сұрақ әлдеқайда маңызды.
Екінші жаңсақ пікір – тәуелділік тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда ғана болады деген ой. Шын мәнінде, тәуелділіктің нақты бір әлеуметтік портреті жоқ: оған білімді, жұмысы мен отбасы бар, әлеуметтік мәртебесі жоғары адамдар да, ауқатты отбасының балалары да бірдей шалдығуы мүмкін.
Ал үшінші қате түсінік – "адам қолдануды тоқтатса, мәселе шешілді" деп ойлау. Алайда заттан бас тарту мен психологиялық сауығу – екі бөлек нәрсе. Тіпті адам қолдануды доғарған күннің өзінде, ол осы тәуелділіктің түп-тамырын тауып, оның неден қорғағанын анықтап, ішкі мәселесін түбегейлі шешуі керек. Әйтпесе тәуелділік қайта оралуы әбден мүмкін.
– Қалыпты өмірге оралу үшін басты тірек не?
– Мұнда адамға есірткіден бас тартуға көмектесу жеткіліксіз, оған өз-өзімен мүлде жаңа қарым-қатынас орнатуға, өзін қайта тануға көмектесу маңызды. Психоанализде біз адамның өз сезімдеріне – үрейге, көңіл қалуға, кінә сезіміне күйремей төтеп беру қабілетін дамыту туралы айтамыз. Бұрын адам ауыр күйзеліске тап болғанда бірден психоактивті затқа жүгінсе, енді сол сезімді дер кезінде байқап, түсініп, оны еңсерудің басқа жолдарын табуды үйренуі тиіс.
Әрине, тәуелділікті емдеуде кешенді көмек – медициналық бақылау, психотерапия, жақындардың қолдауы және әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіру қажет. Түптеп келгенде, сауығу дегеніміз – жай ғана есірткісіз өмір сүру емес, шынайы өмірден қашудың жойқын тәсілдеріне жүгінбей-ақ, өмір сүру, сезіну, ауырсыну мен жалғыздықты бастан өткере алу қабілетіне ие болу.
Оқи отырыңыз: Баланы кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Психолог кеңестері