2019 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері бейнебайланыс түрінде қатысты. Отырыста екі мәселе қаралды.

Сайлауға дайындық және оны өткізу, негізгі іс-шаралар

Бұл туралы баяндаманы ҚР ОСК Төрағасының орынбасары Константин Викторович Петров жасады.

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған кезектен тыс сайлауы жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары сайлау туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде әзірленді, – деді ол.

Науқанның жекелеген кезеңдерінің ұзақтығын айқындау үшін "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 66-1-бабы негіз болады. Қазақстан Республикасы Президентiнiң кезектен тыс сайлауы жөніндегі іс-шараларды өткізу мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

ҚР Президенті лауазымына кандидаттарды ұсыну қашан басталып, қашан аяқталады?

Осы жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған сәттен кейінгі күннен, яғни 2019 жылғы 10 сәуірден басталып, ағымдағы жылдың 28 сәуірінде сағат 18-00-де аяқталады.

Президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы "Сайлау туралы" Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағына сәйкес белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі. Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

Кандидаттардың Конституцияда және "Сайлау туралы" Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестiгi Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасына сай кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен және сайлау жарнасын төлегенін куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде анықталады.

Президенттікке кандидаттың сайлау жарнасы қанша?

  • Президенттікке кандидат Заңға сәйкес Орталық сайлау комиссиясына ең төменгі жалақының (42 500 теңге) 50 есесіне тең, яғни 2 125 000 теңге жарнасын тапсыруы керек.
  • Тапсырылған жарна егер, Президенттікке кандидат сайлауда 5%-дан төмен дауыс жинағанда немесе қайтыс болған жағдайда қайтарылады.

Үміткерге қойылатын талаптар:

  1. Азаматтығы;
  2. Соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұруы;
  3. Жоғары білімінің болуы;
  4. 40 жасқа толуы;
  5. Белсенді сайлау құқығының болуы;
  6. Мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
  7. Мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.
  8. Әрбір кандидат өзін қолдаушы 118 140 сайлаушының түпнұсқадағы қолын жинауы керек.

Қанша адам дауыс береді?

Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге құқы бар 11 млн 814 мың 19 азаматты сайлаушылар тізіміне енгізген.

Тіркеу қалай жүргізіледі?

  • Президенттікке үміткерлер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде 2/3 бөлігін құрайтын сайлаушылардың кем дегенде 1%-ның, яғни 118 140 сайлаушының түпнұсқадағы қолын жинауы керек.
  • Кандидаттың Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сай екендігі анықталғаннан кейін оған қол қою парақтары 5 күн ішінде беріледі.
  • Қол жинауды Президенттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдары ұйымдастырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді, сондай-ақ қолдардың түпнұсқа екенін аумақтық сайлау комиссиялары паспорттық қызмет қызметкерлерін тарта отырып, тексереді.

Президенттікке ұсынылған азаматтан не талап етіледі?

Ұсынылатын айдың бірінші күніндегі, яғни 01.04.2019 жылға қарағандағы жағдай бойынша өзінің және жұбайының (зайыбының) кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, сондай-ақ өзінің денсаулығы туралы медициналық қорытындыны тапсыруы қажет.

Тіркеу қандай жағдайда күшін жояды?

Кандидаттарды тіркеу ағымдағы жылдың 11 мамыры күнгі сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Тапсырылған декларацияларда кандидаттардың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтер дұрыс болмай шықса, Орталық сайлау комиссиясы кандидаттыққа тіркеудің күшін жоя алады.

Сайлау алды үгіт қашан басталуы керек?

Тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін дереу басталады және дауыс беру белгіленген уақыттан бір күн бұрын сағат 00:00-ге дейін, яғни 8 маусым күнгі 00:00-ге дейін жалғасады.

"Сайлау туралы" ҚЗ Заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентiне тiркелген кандидаттарға эфирлік уақыт пен баспасөз бетінен орын беру төлемақысының мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді хабарлау мен жариялауды сайлау алдындағы үгіт басталғанға дейiн 5 күннен кешiктiрмейді, яғни ағымдағы жылдың 5 мамырына дейін өткiзiлуі тиiс.

Дауыс беру

Дауыс беру уақыты 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін деп белгіленген.

Санақ жүргізу

Дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыс саналады.

Әкімшілік аумақтар бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК-не екі күн мерзім ішінде (11 маусымнан кешіктірмей) жеткізіледі.

Нәтиже және сайланған Президентті тіркеу

Сайлау нәтижелерін белгілеуіне және жариялауына, сайланған Президентті тіркеуіне Орталық сайлау комиссиясына 7 күн уақыт берілген.

Шетелде дипломатиялық қызметте болған азаматтардың сайлану құқы бар ма?

ҚР Орталық Сайлау Комиссиясы мүшесі Сәулеш Хамитқызы Баймулдина:

– Бұл мәселені Президенттікке тіркелгеннен кейін қарастырамыз. Қазір ештеңе айта алмаймын, – деді.


Сәулеш Хамитқызы

Сәулеш Хамитқызы / Фото informburo.kz

Оның сөзін әріптесі Берік Имашев те растады. Ол:

– Ал шетелде дипломатиялық қызметінде болған қазақстандықтар Президенттікке ұсынылып жатса, оны бөлек қараймыз. Қазір ол туралы айта алмаймын.

Дауыс электронды түрде беріле ме?

ҚР Орталық Сайлау Комиссиясы мүшесі Берік Имашев:

– Дауыс электронды түрде берілмейді, – деп айтты.


Берік Имашев

Берік Имашев / Фото informburo.kz

Сонымен бірге электронды қолтаңба арқылы қол жинауға болмайды.

Үміткердің сайлау қоры қалай жасақталады?

  • Үміткердің жеке немесе РҚБ сайлауға бөлген қаржысы 12 000 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінен (42 500 теңге), яғни 510 млн теңгеден аспауы керек.
  • Үміткерді қолдаушылардан бөлінген қаржы 15 000 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінен, яғни 637,5 млн теңгеден аспауы керек.

"Ақ жол" партиясының төрағасы не дейді?


Азат Перуашев

Азат Перуашев / Фото informburo.kz

"Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашев:

– Кімді сайлауды, қандай адамды өз Президенті ретінде көруді халық өзі шешеді. Білімді, елге пайда келтіретін, қабілетті адамды таңдайды деп ойлаймын, – деді.

Сонымен бірге Азат Перуашев Президенттікке кімді кандидат қып ұсынатындарын 13 сәуірде өтетін партия жиналысында шешетіндерін айтты.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter