Сайлауды бақылауға Еуропарламент не үшін шақырылмады?
Бұл сұраққа ҚР Сыртқы істер министрлігі жауап берді. "23-26 мамырда Еуропа парламентінде сайлау болды. Қазір заң шығарушы органның жаңа құрамы жасақталып жатыр. Еуропарламент осы себептен кезектен тыс Президент сайлауына шақырылмады" деп түсіндірді ведомстводағылар. 6 маусымда Еуропарламент Қазақстандағы сайлауды бақылауға өкілін жібере алмайтынын мәлімдеді. Құжатта олардың бірде біреуінің сайлауды бақылау құзіретінің жоқтығы айтылған.
Көпбалалы отбасынан шыққан ұлдар тегін сүндеттеледі
Елордада "Сүндет-2019" қайырымдылық науқаны басталды. Оның аясында көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 3-7 жас аралығындағы ұлдар тегін сүндеттеледі.
Операциялар 7-8 маусымында сағат 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейін қалалық №2 балалар ауруханасында жасалады. Бас дәрігердің айтуынша, әкімдіктің көмегімен сүндетелетіндердің тізімі алдын ала жасалған. Науқанды ұйымдастырушылар Gdb2astana.kz сайтының "Родителям на заметку" бөлімінде отадан кейін көрсетілетін күтімге қатысты ақпараттар жазылғанын ескертеді.
Шымкенттегі газ құю станциясында жарылыс болды
Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Н.Нұрахметовтың таратқан мәліметіне сүйенсек, "Мұраз" ЖШС-не тиесілі жанар-жағармай құю станциясындағы автоцистернадан өрт шыққан. Бұл туралы өрт сөндіру қызметіне күндізгі сағат 11:03-те хабар берілген. Өрттің 200 текше метрлік цистернадан шыққаны белгілі болған. Кейін жанындағы 3 автоцистернада жойқын жарылыс болған. Қызыл жалын сағат 12.53-те сөндірілген. Өрттің салдарынан сол жерде маю құюшы болып жұмыс істейтін 1999 жылғы жігіт ауруханаға жеткізілген.
Елордада сотталған азаматтарды оңалту орталығы ашылды
Орталықтағы оңалту бағдарламасы түрмеде жазасын өтеп келгендерді кәсіби тұрғыда оқытып, кейін жұмысқа орналастыруға бағытталған. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша,, бағдарламаға 18-29 жас аралығындағы сотталғандар тегін қатыса алады. Бизнес тренингтерден өтіп, өз кәсібін ашуға грант алады. Қазірдің өзінде 65 адам оңалту бағдарламасына қатысып отыр екен. Орталық Елордадағы Абай даңғылы, 92/3 мекен-жайында орналасқан.
Ержан Максимнің ән кешіне 10 билет ойнатылады
Оған қатысу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы (@arystanbekmukhamediuly) мен осы министрліктің баспасөз қызметінің екі маманының (@aidar_kk, @zhamila.sarsenbai) Instagram-дағы парақшаларына жазылып, ондағы арнайы посттың астына үш досыңызды белгілеуіңіз қажет. Жеңімпаздар 21 маусымда Instagram-дағы тікелей эфирде анықталады.
Талантты әнші, Ресейдің "Голос.Дети" байқауының жеңімпазы Ержан Максимнің жеке ән кеші 28 маусымда Астанадағы Орталық концерт залында өтеді.
Жемқорлардан тәркіленген қымбат картиналарды көргіңіз келе ме?
Онда Шымкенттегі бейнелеу өнері мұражайына барыңыз. Мұнда сотталған қазақстандық шенеуніктерден тәркіленген, құны 5 млн еуроға дейін тұратын картиналар қойылған. Көрмеден жемқор шенеуніктердің үйінде ілінген Айвазовский, Шишкин, Серов сынды суретшілердің туындыларын көруге мүмкіндік бар. Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департамент басшысы Д.Сабырбаев жемқорлықпен күрес қызметінің жұмыстарының нәтижесін көру үшін галереяға келіп, әлем таныған суретшілердің көз тартарлық картиналарын көруге кеңес береді. Айтпақшы, мұражайға кіру ақылы, құны – 100 теңге
Доллар 1 теңгеге арзандады
Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 383,34 теңгеге сатылды. Бір тәрлікте доллар 1,19 теңгеге арзандады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Демалыс күндері ауа райы қандай болады? Алдағы үш тәулікте циклон және онымен байланысты фронт шығысқа жылжиды. Соның әсерінен бұрынғыдай найзағай жарқылдап, өткінші жаңбыр жауады. Шығыста және оңтүстік-шығыста кей жерлерде нөсер жауын болады. Ауа температурасы төмендейді. Тек батыста, 9-10 маусым күндері солтүстік-батыста антициклон таралып, жауын-шашын болмайды. Күндізгі ауа температурасы плюс 28...33°С дейін, кей жерлерде 35...38°С дейін ысиды.
Qamshy.kz: Жанармай бағасы арзандады ма? Үстіміздегі жылдың мамыр айында қазақстандық мұнайдың бағасы 0,6 пайызға қымбаттады. Бұл – сәуір айындағы бағамен салыстыра алғандағы көрсеткіш. Қазір бір тонна мұнай бағасы 61,5 мың теңге тұрады. Ал жыл басынан бергі уақыттағы "қара алтын" бағасын бағамдасақ, онда мұнай шикізатының бағасы 6,7 пайызға арзандағанын байқаймыз. Статистикалық комитеттің мәліметі бойынша, мамыр айында Қызылорда облысы аймағынан өндірілетін мұнай бағасы салыстырмалы түрде "ең қымбат" деп саналған. Бір тоннасы 83,9 мың теңгеге бағаланса да, жыл басынан бері нарықтағы баға көрсеткіші 2,3 пайызға төмендеген.