Тікелей эфир

Қазақстандық студенттер волонтерлік қызметпен оқу ақысын төлей алады. Жаңалықтарға шолу

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Арыстағы жарылыс лауазымды тұлғалардың салғырттығынан болған. Аптап ыстық басылды.

Елбасының жеке сайты жұмыс істей бастады

Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы А.Үкібай осындай хабар таратты. Н.Назарбаевтың ресми интернет-ресурсы – elbasy.kz.

"Нұрлы жер"-ді қаржыландыру 43 млрд теңгеге арттырылмақшы

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Ашық үкімет порталында жарияланған қаулы жобасында айтылған. Құжатта қазір бағдарламаның 5 жылға жоспарланған қаржысы 1632,7 млрд теңгені құрайтыны жазылған. Оның 1128,5 млрд-ы – республикалық бюджеттікі, 504,2 млрд-ы – бюджеттік емес қаражаттар. Өзгерістер енгізілсе, тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру көлемі 43,2 млрд-қа, яғни 1675,9 млрд теңгеге дейін көбейеді.

Үкімет сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспананың құрылыс көлемін 2019 жылы 489,6 мың шаршы метрден 507,3 мың шаршы метрге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мұндай пәтерлер Астана, Алматы, Шымкенттегі жұмыс істейтін жастарға беріледі. Қаулы жобасына сәйкес, несиелік тұрғын үйлердің жалпы көлемі 80 шаршы метрден аспауы тиіс. Егер одан асып түссе, құрылысқа кететін шығындар жергілікті бюджет есебінен жабылуы тиіс.

Ұзатылған қыз отырған кортеж екі полицейді қағып кетті

Жол-көлік ережесін өрескел бұзған автокөлік кортежін тәртіп сақшылары Әл-Фараби даңғылының бойынан тоқтатпақшы болған. Алайда, жүгенсіз жүргізушілер полицейлердің ескертуін елемеген. Әй-шайға қарамаған кортеждегі Toyota Сamry көлігі полиция лейтенанты М.Қилыбаевты қағып кетіпті. Шапшаң итеріліп үлгергеннің арқасында әйтеуір айтарлықтай жарақат алмаған.

Ал, "Лада Приора" көлігі полиция капитаны Жандос Бұғаловтың тоқтау туралы талабын елемей, оны басып кетті. Онысымен қоймай полиция қызметкерлерінің қызметтік көлігін соғып, жылдамдығын баяулатпай,кете барған. Абырой болғанда инспекторлар Сахариев көшесінде кортеждің бір топ көлігін ұстады. Қалалық полиция департаменті ескертуді елемей, есіргендердің көліктерінің бірінде қалыңдықтың отырғанын хабарлады. Үш бірдей жүргізушіге полицейлер 10 хаттама толтырып берді. Оған қоса екі жүргізуші жол-көлік оқиғасымен бірге полиция қызметкерлерін басып кетпек болғаны үшін де заң алдында жауап береді.

Президент Қостанайдағы қазақ мектебі мәселесін шешуді тапсырды

Бұл туралы мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды. "Жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда, Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін мектепке қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Білім министрі және облыс әкімі барлық мәселені жаңа оқу жылына дейін шешуі тиіс" делінген Қ.Тоқаевтың жазбасында.

Арыстағы жарылыс лауазымды тұлғалардың салғырттығынан болды

Апаттың шығуы мүмкін себептеріне сонымен қатар өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін сақтамау да аталды. Бас әскери прокурордың орынбасары Д.Ержановтың айтуынша, оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, жүзден астам адамнан жауап алынған. Қылмыстық кодекстің 462-бабы (Қару-жарақпен, қауіпті заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша тергеу жүріп жатыр.

Д.Ержанов оқ-дәрі сақталатын қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджеттік қаражаттың қалай игерілгенін, сонымен қатар жарылғыш заттардың қалай сақталғаны да тексерілетінін хабарлады.

Арыс тұрғындарына қандай көмек көрсетіліп жатыр?

Halyk Bank-тің баспасөз қызметі банктің Арыс тұрғындары мен кәсіпкерлерінің несиелеріне есептелген пайызды алып тастағанын мәлімдеді. Хабарламаға сүйенсек, банктің Арыс қаласындағы бөлімшесінде 1-ші шілдеден бастап берілген несиелерге үстемеақы есептелмейді. Бұдан бөлек Halyk Bank Арыс тұрғындарына (жеке тұлғалармен бірге заңды тұлғаларға да) несиелері бойынша негізгі қарызды өтеу мерзімін алты айға шегермекші (2019 жылдың 1-ші шілдесінен 2020 жылдың 1-ші қаңтарына дейін).

Апаттан жапа шеккендерге ERG компаниялар тобы 400 млн теңге қаржылай көмегін ұсынды. Мемлекеттік кірістер комитеті Арыс қаласының салық төлеушілерін жыл соңына дейін салық төлеуден босатты.

Студенттер волонтерлік қызметпен оқу ақысын төлей алады

Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев осылай дейді. Айтуынша, жоба қыркүйек айынан бастап жұмыс істейтін болады. Оған жеке, мемлекеттік университеттерде оқитын студенттер қатыса алады. Qazvolunteer.kz сайтына волонтерді іздейтін ұйымдар да, бағдарламаға қатысқысы келетін ерікті студенттер де тіркеледі.

Волонтерлерге екі не бес кредитті ваучер ұсынылады. Мәселен, екі кредитті ваучерге 20 мың теңге беріледі. Жұмысты бітіргеннен кейін университеттерде тиісті кредиттері есептеледі. Волонтерлер әлеуметтік салада қызмет көрсететін болады. Бағдарлама 3 жылға шақталған. 2019 жылдан бастап оның аясында 50 студент қамтылады деп жоспарланып отыр.

Теңіздегі тәртіпсіздікке күдіктілердің бірі ұсталды

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев дене жарақатын салу және бұзақылық фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

– Әрбір қылмыс бойынша қатысушылар бар. Қазір негізгі бір адам ұсталып отыр. Бұдан бөлек, тағы бірнеше күдікті бар. Олардың барлығына қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің сипаты әр адамның төбелеске қатысуына қарай анықталады, – деді Министр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Аптап ыстық басылды. Синоптиктердің болжамынша, 4-6 шілдеде Қазақстанның батысы мен солтүстігінің кей жерінде нөсер жаңбыр жауғызған биіктегі циклон Батыс Сібірге баяу жылжып, толығады. Тропосфералық ағындар ендікке ауыса бастайды, яғни ауа массалары Атлантикадан келеді. Сондықтан, солтүстік облыстарда әлі де біраз уақыт жаңбыр жауады. Ал республиканың оңтүстік облыстары жоғары атмосфералық қысымның әсерінде болады. Солтүстік облыстарда орташа көпжылдық мәнге жуық ауа температурасымен жылы ауа райы күтіледі. Оңтүстік облыстарда ауа температурасы климаттық нормадан жоғары деп болжанғанымен, 40 градустық ыстық болмайды.

Baq.kz: Адам өліміне әкелетін белгісіз вирус пайда болды. Боливия билігі елде белгісіз вирустық ауруды анықтап, дабыл қақты. Енді олар халықаралық қауымдастықтан бұл қандай вирус екенін анықтауға және онымен күресуге көмек сұрап отыр. Белгісіз вирустан бір әйел адам қайтыс болған. Сонымен қатар, интенсивті терапия палатасында онымен бірге болған екі адам да көз жұмған. Тағы үш адамда дәл осындай аурудың белгілері анықталған. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бұл ауру түрі тұмаудың алғашқы кезеңіне және денге безгегіне ұқсайды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары