Тікелей эфир

Қазақстандық сейсмологтар 4 айдан бері жалақысыз отыр. Жаңалықтарға шолу

Өзбекстанда әйелдер 18 жастан бастап некеге тұратын болды. Ғалымдар қойдың еті белсіздіктен қорғайтынын дәлелдеді.

FlyArystan ұшақтарын көрсетті

180 орындық Airbus A320 әуелайнерлерінің салоны Ресейден реконфигурациядан өткен. Бизнес санатындағы орындықтары алынып тасталғаны болмаса, дәл осы ұшақтар бұрын "Эйр Астана" әуе компаниясымен ұшырылған. Ұшқыштардың кабинасының да "Эйр Астананікінен" еш айырмашылығы жоқ, қауіпсіздік процедуралары бірдей қарастырылған.

Әуе компаниясының Алматы – Нұр-Сұлтан бағытындағы бірінші рейсі 1 мамырға жоспарланған.

"Nur Otan" ҚР Президенттігіне Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

Бүгін Елордада "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Жиында Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевты "Nur Otan" партиясынан ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынды. Съездің делегаттары Қ.Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Назарбаев: Мен бұл шешімге үш жыл дайындалдым

"Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев осылай деп мәлімдеді. Мұндай саналы шешімдер бір күнде қабылданбайды деп ағынан жарылған Елбасы Президенттік өкілеттілігін тоқтатуға саналы түрде дайындалғанын жасырмады. Бұл ретте ол жұртшылықты алдағы Президент сайлауында Қ.Тоқаевқа дауыс беруге шақырды.

- Көптеген азаматтар менің сайлауға қатысқанымды қалап отыр. Мен олардың ниетінің астарын түсінемін: бәрі де тұрақтылықты қалайды. Маған деген ықыластарына алғыс айтып, бәрінің алдында бас иемін, – деді Елбасы.

Тоқаев Конституциялық Кеңестен Қазақстанда 15 жыл тұру талабының мазмұнын ашуды сұрады

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанның шетелдік мекемелерде және Республика мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар жұмысы кезінде азаматтың елден тыс жерде тұрған уақытын аталған мерзімге есептеу мәселесін түсіндіруді сұрады. Конституциялық Кеңес Қ.Тоқаевтың ҚР Конституциясының 41-бабы 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініші бойынша конституциялық іс жүргізуге қабылдады. Қазір оның өтінішін Конституциялық Кеңестің отырысында қарауға қажет материалдар дайындалып жатыр.

Қазақстанда ақ түсті көліктерге сұраныс жоғары

Қазақстанның автобизнес қауымдастығының хабарлауынша, жынысына қарамастан қазақстандықтар нақ осы түстегі автокөліктерді (5538) көп сатып алады. Екінші орында сұр түсті (2762), үшінші орында қара түсті (1795) көліктер өтімді. Ұйым таратқан статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылдың 1-ші тоқсанында сатылған әр бесінші көлік әйелдің атына рәсімделген.

ҚР Президенттігіне үміткерлердің мүліктерінің декларацияда көрсетуі тиіс тізімі жарияланды

Президенттікке кандидат пен оның жұбайы тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына табыс түсетін айдың бірінші күні кірістер мен мүлік туралы декларацияларды ұсынуы тиіс. Оны қағаз жүзінде, сондай-ақ электронды тәсілмен де ұсынуға болады.

Декларацияда ҚР да, шетелде де меншiк құқығындағы жылжымайтын және жылжымалы мүлік, көлік құралдарынан бастап, елде және шет елдерде орналасқан ұйымдарда уақытша сақтаулы тұрған 1мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен асатын соманың бәрі көрсетілуі тиіс. Ақпараттың дұрыстығын мемлекеттік кіріс органы кандидат тіркелген күннен бастап 15 күн ішінде тексереді. Егер жарияланған мәліметтердің дұрыс толтырылмағаны анықталса, Орталық сайлау комиссиясы үміткерді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға құқылы.

Өзбекстанда әйелдер 18 жастан бастап некеге тұратын болды

Мұндай өзгеріс Президенттің қаулысымен бекітілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұнда ерлер 18 жастан, әйелдер 17 жастан некелесе алады. 1 қыркүйектен бастап олардың некеге тұру жасы теңестірілетін болды. Бұл жаңалық әйелдердің толықтай үздіксіз білім алып, ана мен бала денсаулығын нығайту үшін жасалған қадам.

Сейсмологтар 4 айдан бері жалақысыз отыр

"Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы мекемесінің" жер сілкінісін зерттейтін 335 қызметкері маңдай терімен тапқан ақыларын ала алмай жүр. Ұйым басшысы Б.Әшіровтың айтуынша, жалақының осынша уақыт кешігуіне мекеменің БҒМ-нің ғылым комитетіне ауыстырылуы себеп.

Жұмысшылар несиесі мен тамағынан бөлек, жолақыға ақша жоқтығын айтып, зар илейді. Ұйымның директоры бюрократиялық шаруалары үйлессе қызметкерлерінің жалақысы мамыр айында беріліп қалар деп отыр. Айтуынша, қаржыландыру көзі ашылмағандықтан мекеменің коммуналдық төлемдерге қарыздары көбейген, осы себептен жер сілкінісіне жасалатын болжамдар да толық жүргізілмей жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Өз сайлау учаскеңізді білесіз бе? Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскелерінің орналасатын жерлері белгілі болды. Сайлау учаскелерінің шекаралары, учаскелік сайлау комиссияларының құрамы және олардың орналасқан жері туралы толық ақпаратты мына жерден көре аласыз.

Qamshy.kz: Ғалымдар қойдың еті белсіздіктен қорғайтынын дәлелдеді. "Биологиялық материалдарды талдау және зерттеу" орталығы мамандарының пайымынша, қойдың етінің көптеген пайдасы да баршылық. Қойдың етінің құрамында су – 68 пайыз; ақуыз –17,3 пайыз; май –13,6 пайыз; көмірсутегі-0,5 пайыз болып түзіледі. Бұған кальций фосфор, темірді қосып қойсақ, ғалымдардың "қой етінің талай дертке дауа" деп отырғанының жаны бар екенін бағамдаймыз. Зертханалық жұмыстардың нәтижесінде басқа төрт түлікке қарағанда қойдың етінде А1, В12; В1 дәрумендері мол болатынын, оның етін қойып, сорпасының өзі талай дертке дауа екенін анық байқалады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары